Алаяқтар ақша жинап жатыр: Атырауда жоғалған отбасының туыстары үндеу жасады

Фото: коллаж nofake.kz/
Әлеуметтік желіде Атырау облысындағы Жангелдин ауылындағы Қарабиндер отбасының қайғысын пайдаланып алаяқтар ақша жинап жатыр, деп хабарлайды nofake.kz/.
Бұл туралы қара жамылған отбасының туыстары мәлімдеп, видеоүндеу жасаған. Марқұм Мақсот Қарабалиннің інісі Шалқар Мұқанғалиев ешқандай ақша жиналып жатпағанын айтып, алаяқтарға сенбеуге шақырды.
«Мақсот Қарабалин деген кісінің інісі боламын. Өкінішке қарай, осындай жағдайды естіп жатырмыз. Кейбір адамдар “қол ұшын береміз десеңіздер, осындай нөмірге ақша жіберіңіздер” деп жариялап жатыр. Оның жалған екенін ескерту мақсатында арнайы осындай үндеу жасап отырмын. Оған сенбеңіздер! Ауыл болып, ағайын-туыс болып өзіміз жинақталып жатырмыз. Ешқандай ақша интернет арқылы жиналып жатқан жоқ», – дейді марқұмның туысы Шалқар Мұқанғалиев.
Атырау облыстық полиция департаменті бұған дейін із-түзсіз жоғалып кеткен ерлі-зайыптының денесі Қызылқоға ауданынан табылғанын хабарлаған. Отбасының қалған екі мүшесі іздестіріліп жатыр.
«Аталған дерек бойынша кісі өлтіру бабымен қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер анықталды. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары оларды табу және ұстау үшін қажетті тергеу шараларын жүргізіп жатыр. Әлеуметтік желі пайдаланушыларын тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге, сенімсіз және тексерілмеген ақпаратты таратудан бас тартуға шақырамыз», – делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Атырау облысында бүтін бір отбасының мүшелері жоғалып кеткені мәлім болған. Полицияға ағасы мен отбасының бір айдан астам уақыттан бері хабар-ошарсыз кеткені туралы арызбен 25 желтоқсанда Атырау қаласының тұрғыны жүгінген.
Жоғалып кеткен отбасы мүшелеріне іздеу салынған. Облыстық полиция департаменті жариялаған бағыттамаға сәйкес:
1959 жылғы Қарабалин Мақсот Мұқанғалиұлы (мәйіті табылды)
1961 жылғы Өтешқалиева Нәсіп Бақытқызы (мәйіті табылды)
1990 жылғы Қарабалина Мирамгүл Мақсотқызы (іздестірілуде)
1993 жылғы Мұқанғалиев Наурыз Мақсотұлы (іздестірілуде)


