Зейнеткерлер пәтерді жалға беріп, табыс тапқаны үшін салық есебін тапсыра ма

Фото: Gov.kz
2026 жылдан зейнеткерлер пәтерін жалға беріп, табыс таба алады, деп хабарлайды nofake.kz/.
Әлеуметтік желіде 2026 жылдан зейнеткерлер пәтерін жалға беріп, табыс таба алады, бірақ салық туралы есеп тапсырмайды деген ақпарат тарады.

Мемлекеттік кірістер комитеті зейнеткерлер табысына қатысты түсініктеме берді.
«Зейнеткерлер тұрғын үйді (немесе мүлікті) жалға беру қызметін жүзеге асырып, өзін-өзі жұмыспен қамтылғандарға арналған арнайы салық режимін (АСР) қолдануға құқылы. Бұл жағдайда оларға салықтық есептілік тапсыру талап етілмейді. Одан бөлек, зейнет жасындағы адамдар өзін-өзі жұмыспен қамтылғандарға арналған АСР-ды таңдаған жағдайда, осы режимді қолдануға рұқсат етілген қызмет түрлерінің барлығын жүзеге асыра алады», — деп түсіндірді ведомство мамандары.
Яғни, биылдан бастап зейнеткер өзіне тиесілі пәтерін жеке кәсіпкер (ЖК) ашпай-ақ, өзін-өзі жұмыспен қамту режимі арқылы ресми түрде жалға бере алады. Нақтырақ айтсақ, пәтер заңды түрде жалға беріледі, одан табыс түседі және міндетті төлемдер алынбайды.


