NoFake

АҚШ-та жасөспірім ЖИ-мен 1,5 млн-ға жуық жаңа астрономиялық нысанды анықтады

67d1c7ba585f1dff88b1eb2b

Фото: businessinsider.com

АҚШ-та 18 жастағы Маттео Паз машиналық оқыту моделін әзірлеп, оның көмегімен 1,5 миллионға жуық жаңа астрономиялық нысанды анықтады, деп хабарлайды nofake.kz/.

АҚШ-тың Пасадена қаласында тұратын (Калифорния штаты) 18 жастағы Маттео Паз машиналық оқыту моделін әзірледі. Жасөспірім оның көмегімен аспанда 1,5 миллиондай жаңа астрономиялық нысанды анықтады. Маттео Паз өз зерттеуі үшін NASA-ның істен шыққан NEOWISE инфрақызыл телескопының бұрын толық зерттелмеген деректерін пайдаланды. Smithsonian Magazine мәліметінше, осы зерттеуі үшін Паз Regeneron Science Talent Search 2025 байқауында бас жүлде — 250 мың доллар иеленген.

Маттео 2022 жылдан, яғни Калифорния технологиялық институтының «Планеталарды іздеу академиясы» бағдарламасына қатысқан кезден жобаға қызығушылық таныта бастаған. Ол инфрақызыл өңдеу және талдау орталығының (IPAC) астрономы әрі аға ғылыми қызметкері Дэви Киркпатриктің жетекшілігімен астрономия мен информатиканы меңгерген.

Киркпатрик NASA 2009 жылы Жер маңындағы астероидтар мен кометаларды іздеу үшін ұшырған WISE/NEOWISE телескобы жинаған ауқымды деректермен жұмыс істеген. Одан бөлек, ғалым сирек құбылыс болып саналатын — жұлдыз жарқылдарын, яғни инфрақызыл сәулеленудегі өзгерістерді зерттеген. Десе де бұл деректер ұзақ уақыт бойы жарияланбаған. Зерттеушінің айтуынша, бақылау нәтижесінде әрбір нысан бойынша шамамен 200 миллиард жолдан тұратын деректер қоры жиналған. Ол зерттеу барысында қолмен талдау жасау әдісін пайдаланған.

Ал, Маттео Паз одан өзге тәсілді қолданған. Ол оның орнына өңделмеген деректерді автоматты түрде сұрыптап, инфрақызыл сәулеленудегі өте әлсіз өзгерістерді анықтай алатын жасанды интеллект алгоритмін жасады. Осылайша, Киркпатрикпен бірлесіп жетілдірілген модель нәтижесінде аспанда шамамен 1,5 миллиондай жаңа нысан анықталды. Бұл ғылыми жетістік The Astronomical Journal журналында жарияланды.

Паздың айтуынша, өзі жасаған ЖИ моделі тек астрономияда ғана емес, уақыт форматында берілетін кез келген процесті — қор нарығы динамикасын, атмосфералық құбылыстарды және қоршаған ортаның ластануын талдауға қолданылуы мүмкін.

Жас зерттеушінің еңбегі АҚШ-тағы мектеп оқушылары арасында жаратылыстану ғылымдары мен математика бойынша ең беделді байқау саналатын Regeneron Science Talent Search конкурсында жоғары бағаланды. Маттео 250 мың доллар көлеміндегі бас жүлдені жеңіп алды.

«Финалға өткенімнің өзі мен үшін үлкен мәртебе болды. Ал бірінші орын алуым мүлде күтпеген жағдай — әлі күнге дейін сенер емеспін», — деді ол Forbes басылымына берген сұхбатында.

Байқауда марапатталған өзге жас ғалымдар масамен күрес, дәріге төзімді саңырауқұлақтар, адам геномы және математика салаларындағы зерттеулерін ұсынды.

Ғалым Киркпатриктің Business Insider-ге берген сұхбатында, Паз жасаған VarWISE айнымалы нысандар каталогын Калифорния технологиялық институтының ғалымдары қазірдің өзінде қос жұлдызды жүйелерді зерттеу үшін пайдаланып жүр.

Оқу үшін