NoFake

Президент Путин мен Назарбаевтың кездесуі жайлы сұраққа жауап берді

176756933630160566

Фото: Turkistan.kz

Жаңа жыл қарсаңында Кремльде Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Владимир Путиннің кездесуі қоғамда түрлі алып-қашпа әңгімеге себеп болды, деп хабарлайды nofake.kz/.

Атап айтқанда, бұл басқосулар Қазақстандағы 2029 жылы болуы мүмкін билік транзитімен байланыстырылды. Осы мәселеге қатысты Қасым-Жомарт Тоқаев «Түркістан» газетіне берген сұхбатында өз ұстанымын ашық айтты.

«Тұрақты түрде өткізіліп жүрген кездесулер бейресми сипатқа ие. Мұны Ресей президентінің өзі де атап өтеді. Таяуда өткен Санкт-Петербургтегі басқосуда Владимир Путин маған Нұрсұлтан Назарбаевты оның өтініп сұрауы бойынша қабылдайтынын айтқан еді. Ресей президентінің ерекшелігі – ол достарымен және әріптестерімен жылы қарым-қатынас құра біледі. Жұмысы өте қарбалас болса да, сенбі күні Қазақстанның Тұңғыш президентімен асықпай әңгімелесуге уақытын бөлді. Ол Нұрсұлтан Назарбаевты Еуразиядағы ықпалдастық үдерісінің бастауында тұрған тәжірибелі саясаткер ретінде бағалайды», — деді Мемлекет басшысы.

Президент Кремльдегі әңгімелердің мазмұнына қатысты өз позициясын да нақтылады.

«Ондай әңгімелер барысында не айтылғаны маған қызық емес, бұл туралы ешқашан сұрақ қоймаймын», — деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи рөліне де арнайы тоқталды.

«Мен Нұрсұлтан Назарбаевты қазіргі қазақ мемлекеттігінің негізін қалаған тұлға деп санайтынымды бірнеше рет айттым. Оның мемлекеттік институттарды және экономиканың нарықтық тетіктерін құру, жаңа астанамызды салу жолындағы еңбегін бәрі біледі. Біз Қазақстанды Әділдік, Заң және Тәртіп орнаған ел еткіміз келеді. Сондықтан ешкімді алаламай, әр азаматтың еңбегін әділ бағалау керек. Бұл еліміздің Тұңғыш президентіне де қатысты».

Ал билік транзиті мен парламенттік реформаға қатысты қауесеттерге президент үзілді-кесілді жауап берді.

«Бұл жөнінде сөз қозғауға әлі ерте, алдымызда табанды жұмысқа толы бірнеше жыл бар. Парламенттік реформа бір ғана мақсатпен жасалып жатыр деген пікір – бос әңгіме. Мұндай ұстаным менің саяси қағидаттарыма қайшы келеді. Мен Қазақстанның президенттік басқару үлгісіндегі мемлекет екенін бірнеше рет айттым. Жеке бастың қамын күйттеп, мемлекеттік жүйені тұтастай өзгерте салу – барып тұрған жауапсыздық, тіпті адамгершілікке жатпайтын әрекет болар еді. Еліміз үшін аса маңызды реформалардың бәрі жалпыхалықтық референдумға шығарылады, бұл жерде ешқандай астыртын ой жоқ», — деп жауап берді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Осылайша, президент сұхбатында Кремльдегі кездесулер мен билік транзитіне қатысты тараған қауесеттердің негізсіз екенін ашық айтып, қоғамды жалған ақпаратқа сенбеуге шақырды.

Оқу үшін