NoFake

Денсаулық сақтау министрлігі вакциналар туралы ақпаратты жоққа шығарды

вакцина

Фото: Depositphotos

Әлеуметтік желілерде «арзан вакциналар салдарынан балалар ауырады» деген ақпарат тарады. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бұл мәлімдемені жоққа шығарды, деп хабарлайды nofake.kz/.

Министрліктің мәліметінше, Қазақстанда Ұлттық профилактикалық егулер күнтізбесі аясында қолданылатын барлық вакциналар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) талаптарына сәйкес көпсатылы халықаралық және ұлттық сараптамадан өтеді. Вакциналар тек қауіпсіздігі, сапасы және тиімділігі дәлелденгеннен кейін ғана тіркеліп, қолданысқа енгізіледі.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі вакциналарды сатып алу кезінде оның бағасының арзандығына қарамайтынын атап өтті. Сатып алу барысында вакцинаның ДДСҰ алдын ала квалификациясынан өтуі немесе қатаң реттеуші елдерде тіркелуі, клиникалық зерттеулер нәтижелері, GMP халықаралық стандарттарына сәйкестігі және тіркеуден кейінгі қауіпсіздік мониторингі ескеріледі.

«Вакцина салғаннан кейін бала ауру болып қалады» деген мәлімдемелердің ешқандай ғылыми дәлелі жоқ және көпжылдық халықаралық бақылау деректеріне қайшы келеді. Керісінше, вакцинация қауіпті жұқпалы аурулардан болатын сырқаттанушылық пен өлім-жітімді едәуір төмендетуге, мыңдаған ауыр асқынулар мен өлім жағдайларының алдын алуға мүмкіндік берді», — делінген ресми мәлімдемеде.

Министрлік деректеріне сәйкес, вакцинацияның нәтижесінде соңғы 34 жылда эпидемиялық паротитке шалдығу саны 100 еседен артық, А гепатиті 32 есеге, В гепатиті 92 есеге азайған. Балалар арасында қызылша 90%-дан астамға, қызамық пен паротит 95%-ға төмендеген. Полиомиелит 1996 жылдан, ал дифтерия 2009 жылдан бері тіркелмеген.

Сонымен қатар ведомство Қазақстанда фармакологиялық қадағалау және жағымсыз реакцияларды мониторингтеу жүйесі жұмыс істейтінін, әрбір тіркелген жағдай мамандар тарапынан мұқият тексерілетінін мәлімдеді.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі азаматтарды тек ресми дереккөздерге, медицина мамандарының ұсынымдарына және дәлелді медицинаға сенуге шақырды. Ведомство жалған ақпарат тарату заңнамаға сәйкес әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салды.

Оқу үшін