NoFake

Жаңаөзендегі автогаз станциясындағы оқиғаға өңірлік ТЖД түсінік берді

Фото: Yandex

Жаңаөзен қаласының өндірістік аймағында «Анар» автогаз құю станциясының аумағында болған газ ағу оқиғасына қатысты өңірдің Төтенше жағдайлар департаменті түсініктеме берді, деп хабарлайды nofake.kz/.

Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, оқиға орнына шұғыл түрде жедел қызметтердің күштері мен құралдары жіберілген.

«Газдың ағуы туралы хабар түскеннен кейін ТЖД бөлімшелері дереу оқиға орнына жетті. Аумақ қоршалып, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаралар қабылданды», — деп хабарлады департамент өкілдері.

Ведомство мәліметінше, оқиғаны жоюға 28 қызметкер мен 11 техника бірлігі жұмылдырылған. Құтқарушылар газдың концентрациясын қауіпсіз деңгейге дейін төмендету үшін суды шашырата беру жұмыстарын жүргізді. Өрт шыққан жоқ, зардап шеккендер жоқ.

«Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде сұйытылған газ цистернадан толық шығып, ағу толығымен тоқтатылды. Жарылыс қаупіне жол берілген жоқ. Тұрғындар мен қоршаған ортаға қауіп жоқ», — деп атап өтті ТЖД.

Сондай-ақ департамент өкілдері оқиға болған аумақта автокөлік қозғалысы қалпына келтіріліп, екі бағытта да ашылғанын мәлімдеді. Қазіргі таңда жағдай ТЖД бақылауында.

Оқу үшін