Маңғыстауда мұғалімдер сыйақысыз қалғаны рас па: басқарма жауабы

Фото: pixabay.com
Желіде Маңғыстау облысының Қарақия ауданында бір топ мұғалімдердің сыйақысыз қалғаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды nofake.kz/.
Видеода Маңғыстау облысы Қарақия ауданы Құрық ауылының жалпы білім беретін мектеп гимназиясының бір топ ұстазы облыс әкімі мен білім басқармасына сыйақының түспеу себебін түсіндіруді талап еткен.
“Ағымдағы жылы педагогикалық қызметкерлерге төленуге тиіс ынталандыру сипатындағы премияның бермеуіне байланысты жүгінуге мәжбүр болып отырмыз. Жыл соңында алатын сыйақы өткен 2 жыл қатарынан қолданыстағы бұйрықтармен, нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес төленіп келген. Алайда 2025 жылы ешқандай ресми түсіндірмесіз, жазбаша хабарлама немесе негіздемесіз тоқтатылған”, — дейді ұстаздар.
Маңғыстау облысының білім басқармасы аталған жайтқа қатысты түсініктеме берді.
«Жергілікті атқарушы органдар педагогикалық ұжыммен кездесу өткізіп, оның барысында сыйақы төлеу мәселесі бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Мұғалімдерге Қазақстан Республикасы Үкіметінің №1193 қаулысына сәйкес сыйақы төлеу жыл қорытындысы бойынша, үнемделген қаражаттың болуы және берешектің жоқтығы жағдайында ғана мүмкін екені түсіндірілді. Сыйақы беру білім беру ұйымдарының ішкі қаражаты есебінен жүзеге асырылады және оның төленуі қаржының қолжетімділігіне байланысты», — делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін елімізде ұстаздар ашық сабақтан кейін фото-видео есеп беруге міндетті ме деген тақырыпта материал ұсынған едік.


