NoFake

Атырау облысында Formula-1 трассасы салына ма

Коллаж: nofake.kz/

Атырау облысында Formula-1 трассасы салынады деген ақпарат әлеуметтік желілерде кең талқыланды. Ресми органдар жобаның бар екенін растады: трасса жеке инвестиция есебінен салынбақ, жер телімі бөлінген, инвестор жобалауға кіріскен, деп хабарлайды nofake.kz/.

Алайда нысанның нақты іске асу мерзімі мен Қазақстандағы алғашқы Гран-придің уақыты әзірге ресми түрде бекітілмеген. Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі жобаның бар екенін растады. Ресми ақпаратқа сәйкес, Formula-1 трассасы жеке инвестициялар есебінен салынбақ. Жобаға қажетті жер телімі жергілікті билік тарапынан бөлінген.

Қазіргі уақытта инвестор жобалау жұмыстарына кіріскен. Инвестор ретінде Texol компаниялар тобының негізін қалаушы, 1Атырау вагон жасау зауыты1 ЖШС-нің құрылтайшысы Шота Абхазов аталады.

Сын мен инфрақұрылым мәселесі
Желі қолданушылары батыс өңірлердегі жолдардың жай-күйін, инфрақұрылым мен әуежай жұмысына қатысты проблемаларды алға тартып, халықаралық деңгейдегі автоспорт кешенін салуға күмән келтірді.

Әкімдік бұл сынға қатысты түсініктеме берді:
– 2024 жылы облыста 250 шақырымға жуық жол бюджет есебінен жөнделген;
– Жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 78%-дан 82%-ға өскен;
– 2025 жылы Хиуаз Доспанова атындағы Атырау халықаралық әуежайын жаңғырту жоспарланып отыр, инвестиция көлемі шамамен 50 млн доллар.

Аталған инфрақұрылымдық жобалар бюджет есебінен, трасса құрылысымен қатар жүзеге асырылмақ. Ресми деректерге сәйкес, Formula-1 трассасы жобасы бар, жер телімі бөлінген, инвестор анықталған. Құрылыс мерзімі – 3-4 жыл. Жоба жүзеге асса, өңірдің туристік тартымдылығын арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуы мүмкін. Алайда алғашқы Гран-придің нақты өтетін уақыты туралы ресми бекітілген шешім жоқ.

Оқу үшін