Жеке меншік мектептер жабылмайды — Оқу-ағарту министрлігі

Иллюстрация: Freepik.com
Қазақстанда жекеменшік мектептердің толық жабылатыны туралы ақпарат жалған. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды nofake.kz/.
ОКҚ алаңында өткен брифинг барысында ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Серік Әшір әлеуметтік желілерде тараған жекеменшік мектептер жабылады деген хабарламаларға түсініктеме берді.
Оның айтуынша, «Қазақстан Республикасының “Білім туралы” заңы білім беру ұйымдарының барлығына меншік нысанына қарамастан бірдей талаптар қояды».
«Жекеменшік мектептер де лицензия алады, мемлекеттік аттестациядан өтеді және мемлекеттік бақылауға мемлекеттік мектептермен бірдей ережелер мен талаптар бойынша тартылады. Бұл шаралар білім беру сапасын қамтамасыз ету, оқушылардың қауіпсіздігін сақтау және олардың құқықтарын қорғауға бағытталған», – деді Серік Әшір.
Сондай-ақ ол жекеменшік мектептердің қызметі тек заңнамада тікелей көзделген жағдайларда ғана тоқтатылуы мүмкін екенін атап өтті.
«Жекеменшік мектептердің қызметі анықталған заңбұзушылықтар жойылмаған жағдайда ғана тоқтатылуы мүмкін. Мұндай шешімдер тек заңда белгіленген тәртіппен қабылданады және меншік нысанына байланысты емес. Жалпы алғанда, бұл талаптар барлық оқушылар үшін білім беру сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Сондықтан Қазақстанда жекеменшік мектептерді жабу мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ», – деп түйіндеді ол.


