NoFake

Есек сүтіне қатысты мифтер мен шындық: маман жауабы

Close up of cute donkey grazing on meadow generated by AI

Фото: freepik.com

Бұған дейін елімізде есек сүтін өңдейтін зауыттың ашылғаны туралы хабарлаған едік. Енді nofake.kz/ мамандармен тілдесіп, есек сүтінің ерекшеліктері туралы білді. 

Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданына қарасты Үштөбе ауылында ашылған зауытта бие және түйе сүті өндіріледі. Сондай-ақ зауытқа қарасты тағы бір кәсіпорында құрғақ және сублимацияланғанесек сүті шығарылады. Зауыт есек сүтіне қатысты діни нормаларды ескерді ме? Мамандар жауап берді.

«Зауыт 19 желтоқсанда ашылды. Десе де, есек сүті бұл зауытта емес, осыған қарасты өзге мамандандырылған кәсіпорында өндіріледі. Есек сүтін бұлай бөлек өндіру мәдени және діни нормаларды, сондай-ақ экспорттық нарықтың талаптарын ескере отырып енгізілді. Қазіргі таңда бие және түйе сүтін өндіретін зауыт Парсы шығанағының стандарттары бойынша HALAL халықаралық сертификатын (GSO 993/2015, GSO 2055-1:2015, GSO 2055-4:2021) алу рәсімінен өтіп жатыр», — деді зауыт мамандары.

Есек биемен бірге жайылып жүр — жалған

Мамандар есекті арнайы фермада бағып жатқанын мәлімдеді.

«Есек сүтін өз фермамыздан және Алматы облысындағы фермерлерден аламыз. Қазір бізде есек бағатын жеке эко-ферма бар. Онда 200-ден астам есек бар, алдағы уақытта олардың санын 500-ден асырамыз деген жоспар бар. Есек сүті өзіндік құны объективті түрде жоғары шикізат, бір есек орта есеппен бір сауғанда шамамен 350 мл сүт береді (биеде — 700–750 мл). Бұл сүт альбуминді типке жатады және жедел әрі ұқыпты өңдеуді талап етеді. Сондықтан біз жоғалтуларды барынша азайтып, сапасын сақтау үшін сублимация әдісін қолданамыз», — деді мамандар. 

Сүтке сұраныс бар ма — маман жауабы

Есек сүтіне сұраныс АҚШ пен Ұлыбританиядан түсіп тұр. Сонымен бірге зауыт өкілдері диетология, аллергология саласынан сұраныс бар екенін айтады. Себебі есек сүті сезімтал топтарға қолданылатын тағамдық қоспа ретінде қолданылады. Осы ретте, зауыт мамандары есек сүтін жаппай қолдана беруге болады деген мифке жауап берді. 

«Біз есек сүтін дәрілік препарат ретінде ұсынбаймыз және оны түрлі ауруларға ем ретінде қолдануға кеңес бермейміз. Себебі, біз дәлелді медицинаға сүйенеміз: денсаулыққа қатысты кез келген кеңес тек қатаң түрде дәрігердің тағайындауымен жүзеге асырылады», — деді маман. 

Сонымен бірге мамандар есек сүті бие сүтін алмастырады деген мифті де жоққа шығарды. 

«Осыған байланысты біз есекті тек сүт өндірісі үшін қолданатынымызды, оның етін пайдаланбайтынымызды айтқымыз келеді. Яғни, оны басқа да мақсаттарда пайдаланады деген жалған ақпарат. Есек сүтіне, әсіресе батыс елдерінде сұраныс жоғары. Алдағы уақытта халықаралық сұранысты жабу үшін есек санын 5000 басқа дейін арттыруды жоспарлап отырмыз», — деді мамандар. 

Зауыт өкілдері, сондай-ақ 2026 жылы эко-фермаға экскурсия ұйымдастырылатынын атап өтті. 

Оқу үшін