NoFake

Қарағандыда есек сүті өндіріліп жатыр ма: министрлік жауап берді

Снимок экрана 2025 12 25

Фото: depositphotos

Әлеуметтік желіде Қарағанды облысында бие, түйе және есек сүтін өңдейтін зауыттың ашылуы жайлы видео тарады. nofake.kz/ мән-жайды анықтап көрді. 

Instagram желісіндегі танымал парақшалардың бірінде пайда болған аталған видео көпшілік арасында қызу талқыланған. 

Комментарий 04 (1)
Скрин әлеумметік желідегі жазбадан

Аталған видеоға қатысты ауыл шаруашылығы министрлігі түсініктеме берді. 

«Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданына қарасты Үштөбе ауылында құрғақ сүт өндіретін жаңа кәсіпорын зауыты іске қосылды. Онда KaMei брендімен дәстүрлі тәсілдер мен заманауи технологияларды үйлестіретін пайдалы сүт өнімдерінің өндірісі жолға қойылған. Кәсіпорында құрғақ және сублимацияланған бие, түйе және есек сүті өндіріледі. Дамудың келесі кезеңінде балалар тағамын, атап айтқанда құрғақ сүт қоспаларын шығару жоспарланып отыр», — делінген хабарламада.

Министрлік ұсынған мәліметке сай, зауыт өнімдері экспортқа бағытталған. Оның алғашқы партиясы АҚШ пен Біріккен Араб Әмірліктеріне жөнелтіледі. 

«Зауыттың құрылысы 2024 жылы басталған. Инвестиция көлемі шамамен 2,5 млрд теңгені құрады. Қазіргі таңда 50 адам жұмыспен қамтылған, олардың қатарында Үштөбе ауылының тұрғындары да бар. Алдағы уақытта жұмыс орындарын көбейту көзделіп отыр. Кәсіпорындағы жабдықтардың басым бөлігі еуропалық, барлық өндірістік үдерістер стерильді жағдайда ұйымдастырылған. Жоба өңірдегі мал шаруашылығы үшін де маңызды, өйткені ол өнім өткізудің тұрақты нарығын қалыптастырады. Жергілікті фермерлермен ынтымақтастық жұмыстары басталып кеткен. Күн сайын зауытқа өңдеуге 5 тоннаға дейін бие сүті жеткізіледі. Өндіріс алаңында кептірудің екі технологиясы қолданылады: төмен температурада жүргізілетін сублимация және 100 градустан жоғары температурадағы бүрку арқылы кептіру. Бұл тұтынушыларға өнімнің екі түрінің бірін таңдауға мүмкіндік береді», — деді ведомство өкілдері.

Ведомствоның мәліметінше, зауыт қазіргі таңда балаларға арналған құрғақ сүт қоспаларын шығаратын кешенді жобалау жұмыстарын жүргізіп жатыр. 

Оқу үшін