Ақтөбеде жалған сақтандыру полисін жасаған делдал ұсталды

Фото: polisia.kz
Ақтөбе облысында полиция автокөлік жүргізушілеріне жалған сақтандыру полисі мен өзге де құжаттарды заңсыз рәсімдеген 47 жастағы әйелді ұстады, деп хабарлайды nofake.kz/.
Ол шетелдік есептегі көліктерге заңды күші жоқ сақтандыру полистерін рәсімдеген.
Тексеру барысында медициналық анықтамалар, жүргізуші куәлігін алуға арналған құжаттар және нотариус мөрі басылған бос бланкілер тәркіленді. Жалған полис жол-көлік оқиғасынан кейін анықталған.
«Тексеру нәтижесінде аталған азаматшаның шетелдік есепте тұрған көлік құралдарына сақтандыру полистерін заңсыз рәсімдеу қызметін көрсеткені анықталды. Аталған полистер сақтандыру жағдайы туындаған кезде заңды күші болмаған. Сонымен қатар күдіктінің көлік құралын басқару құқығын беретін өзге де құқық белгілейтін құжаттарды заңсыз дайындаумен айналысқаны белгілі болды. Күдіктінің автокөлігін тінту кезінде полиция қызметкерлері медициналық анықтамаларды, жүргізуші куәлігін алу үшін оқу курстарынан өткені туралы куәліктерді, сондай-ақ нотариустың мөр таңбасы қойылған толтырылмаған бланкілерді тәркіледі», -делінген ресми хабарламада.
Аталған дерек бойынша жалған құжаттарды жасау және өткізу белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.


