Кеңседегі жаңа жылдық безендіру үшін айыппұл салынбайды

Фото: freepik.com
Жаңа жыл қарсаңында кеңселерді безендіргені үшін айыппұл салынады деген ақпарат — жалған, деп хабарлайды nofake.kz/.
Алматы қаласының ТЖД өкілдерінің мәліметінше, жауапкершілік тек адамдар көп жиналатын іс-шараларға қатысты.
«Бұрмаланған ақпарат ақпараттық порталдардың бірінде жарияланып, кейін желіге кеңінен тараған. Өрт қауіпсіздігі қағидалары тек адамдар көп жиналатын жаңа жылдық іс-шаралар өтетін орындарға ғана қатысты. Бұл — концерттер, ертеңгіліктер және бір мезетте көп адам жиналатын өзге де шаралар. Жұмыс орындарын безендіруге тыйым салынбайды», — деді ведомствода.
Контекст
Өңірлік пабликтерде Қазақстан азаматтарына жұмыс орындарын жаңа жылға безендіргені үшін айыппұл салынады деген ақпарат тарады. Жарияланымдарда Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасалып, кеңселерді безендіру кезінде, оның ішінде шырша орнатып, гирляндалар пайдаланғанда өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау қажеттігі айтылған. Бұл талаптар бұзылған жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылуы мүмкін делінген. Аталған хабарламалар желіде қызу талқыланып, пайдаланушылардың наразылығын тудырды.

Әкімшілік жауапкершілік адамдар көп жиналатын жаңа жылдық іс-шараларды өткізу кезінде өрт қауіпсіздігі талаптары бұзылған жағдайда ғана қарастырылған. Мұндай іс-шараларды бірнеше эвакуациялық шығу жолы бар ғимараттарда ғана өткізуге рұқсат етіледі. Жаңа жылдық шыршалар орнықты орнатылып, эвакуация жолдарын бөгемеуі тиіс. Сондай-ақ олар қабырғалар мен төбеге тым жақын орналастырылмауы қажет.
Мереке күндері шам, хлопушка, фейерверк және өзге де өрт қаупі жоғары құралдарды пайдалануға тыйым салынады. Бұдан бөлек, терезелерді торлармен жабуға, өту жолдарын тарылтуға, жарықты өшіруге және залдағы адамдардың рұқсат етілген санынан асып кетуге жол берілмейді.


