Threads-тегі «Құпия санта» ойынының қаупі неде: Қаржы нарығы комитеті түсіндіреді

Фото: freepik.com
Threads әлеуметтік желісінде «Құпия санта» ойыны кең таралып, адамдар карта номеріне ақша салып жіберуді сұрап жатыр. Мемлекеттік кірістер департаменті аталған трендке қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды nofake.kz/.
Threads қолданушылары желіде «Құпия сантаның» өзіне ақша аударған скриншотымен жарыса бөлісіп жатыр. Олардың кейбірі тіпті банк шотына қомақты қаржы келгенін қуана жазған.

Десе де, Қаржы нарығын зерттеу және дамыту агенттігі тұрғындарға мұндай хабарламаларға сенбеуге әрі банк картасының деректерін желіге салмауға кеңес берді.
«Банктік картаңыздың деректерін — карта нөмірін, мерзімін, CVV-кодты, PIN-кодты, SMS арқылы келген құпия кодтарды, логин мен кілт сөздерді ешқашан үшінші тұлғаларға бермеңіз. Банктер мен ресми ұйымдар бұл ақпаратты телефон, SMS немесе мессенджер арқылы ешқашан сұрамайды. Егер біреу сізден осындай деректерді айтуды, ақша аударуды немесе «операцияны растауды» сұраса — бұл алаяқтық болуы мүмкін. Құпия деректерді қорғаңыз. Күмән туындаса, банктің ресми нөміріне тікелей хабарласыңыз», — деп түсіндірді агенттік өкілдері.
Сонымен бірге мемлекеттік кірістер департаменті де аталған мәселеге қатысты ресми түсініктеме берді. Олар қай жағдайда банк өкілдері картадағы аударым деректерін ведомствоға жолдайтынын түсіндірді.
«Жеке тұлғалардың банк шоттарында жүргізілген операциялардың ішінде — кәсіпкерлік қызметтен табыс табу белгісі болуы мүмкін. Мұндай белгіге егер жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға арналмаған банк шотына қатарынан 3 күнтізбелік ай бойы 100 және одан да көп адамнан ақша түссе және оның жалпы сомасы 12 ең төменгі жалақыдан асып түсуі жатады. Тек сол жағдайда ғана банк бұл ақпаратты мемлекеттік кірістер департаментіне жібере алады», — делінген хабарламада.
nofake.kz/ ақпараттық сұранымды ІІМ-не де жіберді. Ведомство таяу арада аталған трендті зерттеп, толық ақпарат беретінін жеткізді.


