Эмоциялық манипуляция символы: «rage bait» 2025 жылдың сөзі атанды

Фото: corp.oup.com
Оксфорд университетінің лингвистикалық бөлімі — Oxford Languages — 2025 жылдың сөзін rage bait деп жариялады. Термин үш күндік онлайн-дауыс беру нәтижесінде анықталды, оған 30 мыңнан астам адам қатысты, деп хабарлайды nofake.kz/.
Финалға aura farming және biohack сөздері де енгенімен, лингвистер rage bait қоғамдағы негізгі үрдістер мен талқылауларды дәлірек сипаттайтынын атап өтті.
Rage bait — ашу, реніш немесе ызаны әдейі күшейту үшін жасалған онлайн-контентті білдіреді. Мұндай жазбалар арандатушылық сипатта болады, ал негізгі мақсаты — аудиторияның эмоциялық реакциясы арқылы трафик пен белсенділікті арттыру. Сарапшылардың айтуынша, алгоритмдер дәуірінде мұндай эмоцияға бағытталған контент жиі күшейтіліп, кең таралады.
Термин алғаш рет 2002 жылы Usenet платформасында қолданылған. Бастапқыда ол бір адамның екіншісін арандатуы сияқты қарапайым жағдайды сипаттаған. Кейін интернет-сленгке айналып, провокациялық посттарды белгілеу үшін кеңінен қолданыла бастады. Бүгінде rage bait медиа, контент индустриясы және саяси коммуникацияда жиі кездеседі.
Оксфорд мамандары бұл тіркесті кликтартқыш материалдардан ерекшеленеді деп түсіндіреді: егер clickbait қызығушылыққа ойнаса, rage bait тікелей негатив эмоцияны қоздыруға бағытталған. Лингвистердің айтуынша, 2025 жылы эмоциялық манипуляция, онлайн-поляризация және ИИ-ның күшеюі бұл терминді қоғамдағы талқылаулардың негізгі маркеріне айналдырды.
Oxford Languages президенті Каспер Гратволь 2025 жыл цифрлық кеңістіктегі эмоциялық қысым мен жасанды интеллекттің ықпалын талқылаумен өткенін, ал rage bait осы өзгерістердің басты символдарының біріне айналғанын атап өтті.


