Денсаулық сақтау министрлігі стоматологиялық клиникалар жаппай тексеріліп жатқанын растады

pixabay.com
Соңғы бірнеше күн әлеуметтік желі қолданушылары стоматологиялық клиникаларға жаппай тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқанын қызу талқылап жатыр. Олар мұндай тексерулер ел бойынша жүріп жатқанын, сондай-ақ құжаттардан бастап құрал-жабдықтарға дейін қатаң бақылауға алынғанын жазды. Денсаулық сақтау министрлігі тексерулердің басталғанын растады, деп хабарлайды nofake.kz/.
Астанадағы тіс клиникасында үш жасар қыздың көз жұмуына байланысты Денсаулық сақтау министрлігі Бас прокуратураның тапсырмасы бойынша стоматологиялық ұйымдарда жоспардан тыс тексерістер жүргізіп жатыр.

Мамандар медициналық ұйымдардың көмек көрсету стандарттарын қаншалықты сақтайтынын және олардың біліктілік талаптарына сай келетінін анықтап жатыр. Ведомствоның хабарлауынша, тексерілетін клиникалар тізіміне еліміз бойынша 622 стоматологиялық емхана кірген. Қазір бұл тексерулерді Тексерулер мен профилактикалық бақылау субъектілері мен объектілерінің бірыңғай тізіліміне тіркеу жұмыстары жүріп жатыр.
«24 қарашадағы жағдай бойынша 211 жоспардан тыс тексеру фактісі тіркелді, оның ішінде 41-і аяқталса, 170-іне әлі де тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 55 тексеру фактісі тіркелу кезеңінде. Жамбыл облысында 4 тексеру объектісі жұмыс істемеуіне байланысты тіркеуден алынды», – делінген хабарламада.
Нәтижесінде жалпы сомасы 4 717 920 теңгені құрайтын 51 айыппұл салынған. Министрліктің мәліметінше, анықталған заң бұзушылықтар бірнеше бағытты қамтиды. Оның ішінде медициналық көмек көрсету стандарттары мен қағидаттарын өрескел бұзу, заңсыз медициналық және фармацевтикалық қызмет, дәрілік заттар айналымы саласындағы заң бұзушылықтар, лицензиялау талаптарын орындамау, сондай-ақ міндетті сақтандыру туралы заңнаманы бұзу бар. Қазіргі таңда бірқатар материалдар сотқа жолданған.


