NoFake

«Ұлытау облысына құлаған зымыран бөлшектері қауіпті емес» — ЖИ министрлігі

Depositphotos 367002228 L (1)

Фото: Depositphotos

Әлеуметтік желілерде Ұлытау облысы аумағына «Союз» зымыранының құлаған бөлігі қауіп тудырады деген ақпарат тарады. Тұрғындардың қаупіне қатысты Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі ресми түсінік берді, деп хабарлайды nofake.kz/.

Министрлік ақпаратынша, оқиға орнында жауапты мамандар жұмыс істеп жатыр, тұрғындарға келер қауіп жоқ.

«Қауіп тұрғындарға жоқ. Зымыранның бірінші сатысы белгіленген аймаққа құлады. Оқиға орнына «Роскосмос» мамандары, сондай-ақ Қазақстан мен Ресей экологтары шықты. Қазір өлшеулер жүргізіліп, сынамалар алынуда. Алдын ала мәлімет бойынша, қоршаған ортаға зиян тіркелмеген. «Союз МС-28» зымыраны экологиялық тұрғыдан қауіпсіз отын — керосин мен сұйық оттегін пайдаланады. Құлаған бөлшектер радиациялық, химиялық немесе биологиялық қауіп төндірмейді», — деп хабарлады министрлік.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, тасымалдаушы зымыранның жұмыс істеу кезінде отыны толық дерлік жанып кетеді, сондықтан жерге түскен бөліктерден қауіп туындамайды.

Оқиға қалай болды?

2025 жылдың 27 қарашасында, сағат 14:27-де Астана уақыты бойынша Байқоңыр ғарыш айлағынан «Союз-2.1а» тасымалдаушы зымыраны және «Союз МС-28» пилотталған кемесі сәтті ұшырылды. Пуск штаттық режимде өтті. Министрлік мәліметінше, зымыранның бірінші сатысы бұрыннан бекітілген арнайы жерде — халықтан алыс аймақта, Ұлытау облысы аумағына құлаған.

Оқу үшін