Кірістер комитеті жаңа бұйрыққа байланысты тараған ақпаратты түсіндірді

Фото: Кірістер комитеті
Соңғы күндері бірқатар БАҚ-та №654 бұйрықтың заңнамаға қайшы келетіні және компания құрылтайшыларына жаңа міндеттер жүктейтіні туралы ақпарат тарады. Осыған байланысты Мемлекеттік кірістер комитеті ресми түсініктеме жариялады, деп хабарлайды nofake.kz/.
Комитеттің мәліметінше, бұл бұйрық ешқандай жаңа талап немесе қосымша міндет енгізбейді.
«Құжат 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін Салық кодексінің нормаларын жүзеге асыру үшін қабылданған және компаниялар таратылғанда немесе қызметін тоқтатқанда салықтық міндеттемелерді орындау тәртібін бұрынғы заңдармен сәйкестендіре отырып ғана нақтылайды. Негізгі қағида өзгермейді: компанияның салықтық берешегі болса, ол Салық кодексінде белгіленген тәртіппен өндіріледі, ал компания мүлкі жеткіліксіз болған жағдайда құрылтайшылардың жауапкершілігі тек Қазақстан Республикасының заңдарында тікелей көзделген жағдайларда ғана туындайды»-деп жазылған ресми хабарламада.
Бұл талаптар Салық кодексінде, Азаматтық кодексте және Банкроттық туралы заңда бұрыннан бар. Комитет бұйрық осы нормаларды ғана қайталайтынын және мемлекеттік кірістер органдарына жаңа өкілеттік бермейтінін атап өтті.
«Құрылтайшы субсидиарлық жауапкершілікке ұйым ресми түрде банкрот деп танылғаннан кейін және әдейі банкроттыққа әкелу, мүлікті жасыру немесе шығару, құжаттарды тапсырмау, мүлкі жеткіліксіз бола тұра банкроттық туралы өтініш бермеу сияқты құқық бұзушылықтар анықталған жағдайда ғана тартылады. Түсінбеушілік кейбір материалдарда бұйрықтың бір тармағы құрылтайшылардың жауапкершілігін кеңейтеді деген қате түсіндіруден туындаған. Комитеттің ресми түсініктемесіне сәйкес №654 бұйрық заң талаптарын бұзбайды, құрылтайшыларға жаңа міндеттер жүктемейді және қолданыстағы рәсімдерді ғана жүйелейді», — деді Мемлекеттік кірістер комитеті.


