Оқу-ағарту министрлігінің қызметкерлері үй аралап, мәлімет жинап жүрген жоқ

Фото: nofake.kz/ Асан Толеу
Желіде танымал блогер үйіне өздерін оқу-ағарту министрлігі қызметкерлері деп таныстырған екі әйелдің келгенін және құжаттар мен деректер сұрағанын мәлімдеді. Оқу-ағарту министрлігі аталған жайт бойынша түсініктеме берді, деп хабарлайды nofake.kz/.
Астаналық блогер үйіне өздерін оқу-ағарту министрлігі қызметкерлері деп таныстырған екі әйел адамның келгенін мәлімдеді.
«Олар үйге 16:30-да келді. Үйімізде консъерж бар, сондықтан еш ойланбастан үйіме кіргіздім. Жастары 40-45-тер шамасындағы екі қазақ әйел. Түрлері мұғалім, завучқа ұқсайды. Өздерінің төлқұжаттары мен бейджиктерін көрсетті. Онда оқу-ағарту министрлігі деп тұр. Министрліктің бұйрығы бойынша, оқушылардың есебін жүргізіп жатырмыз деді. Сөйтіп мен балаларымның аты-жөнін айтып бердім. Соңында жұмысымызға баға беріңіз деді. Бейджиктің екінші жағында QR-код ашылады, соған бассам, белгісіз сайтқа апарды. Осы сәтте телефоным жыпылықтап, өшіп қалды. Сол кезде мені бұғаттағанын түсіндім. Оларға «телефоным өшіп қалды» деп айттым, қосқан соң телефонымды қосып, оларды камераға түсіре бастадым. Сол кезде беттерін бүркем, лифтімен сыртқа қарай қашты», — деді ол.
Желіде тұрғындар осы жағдайға ұқсас жайттармен бетпе-бет келгенін жазған.

Оқу-ағарту министрлігі қызметкерлерінің үй аралап, мәлімет жинамайтынын ресми түрде хабарлады.
«Әлеуметтік желілерде өздерін Оқу-ағарту министрлігінің қызметкерлері ретінде таныстырған белгісіз адамдардың үйлерді аралап жүргендігі туралы хабарламалар мен видеолар тарап жатыр. Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі ресми түрде министрлік қызметкерлері үй аралап, жеке деректер немесе басқа да ақпарат жинамайтынын мәлімдейді.Өзін министрлік атынан келдік деп таныстырып, құжаттар мен деректер талап еткен немесе үйге кірмек болған адамдардың министрлікке қатысы жоқ және олардың алаяқтар болуы мүмкін екенін ескертеміз. Бұл адамдардың заңсыз әрекеттері үшін министрлік жауапты емес. Қырағылық танытып, мұндай жағдай орын алса, дереу құқық қорғау органдарына хабарласуларыңызды сұраймыз. Ақпараттың дұрыстығын тек ресми дереккөздер арқылы тексеріңіздер», — дейді ведомство өкілдері.


