NoFake

ЖСН қандай жағдайда тексеріледі — Бас прокуратура түсіндірді

Dps planshet

Фото: zhaikpress.kz

Азаматтардың жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) қашан және қандай жағдайда тексерілетініне қатысты nofake.kz/ ресми сұрау салып, ҚР Бас прокуратурасы түсініктеме берді.

Прокуратура мәліметіне сәйкес, енді азаматтардың ЖСН мәліметтері олар жол қозғалысы ережесін бұзған жағдайда ғана тексерілетін болады. Ал егер құқық бұзушылық тіркелмесе, ешқандай тексеру жүргізілмейді.

«Қазақстан Республикасының «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Заңының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің талаптарына сәйкес жеке тұлғалардың дербес деректерін өңдеу тек заңды негіздер болған жағдайда ғана жүзеге асырылады. Осы талаптарды сақтау мақсатында 2025 жылғы 1 желтоқсаннан бастап әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімінде инспекторлардың азаматтардың жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) бойынша деректерді алдын ала немесе негізсіз тексеру функционалы шектелді», — деді ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті.

Сондай-ақ, құқықтық статистика комитеті азаматтардың деректері әкімшілік хаттама толтыру кезінде ғана қолжетімді болатынын мәлімдеді. Бұл шаралар мемлекеттік қызметшілердің ақпараттық жүйелерді заңды талаптарға сәйкес пайдалануын шектеуге бағытталған.

Бұрын қалай болды

Бұрын Қазақстанда азаматтардың жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) бойынша деректерге қолжетімділік нақты шектелмеген болатын. Уәкілетті органдар қызметкерлері әкімшілік құқық бұзушылық тіркелмей тұрып та азаматтың ЖСН-ін ақпараттық жүйелер арқылы тексере алатын. Мұндай тексерулер кей жағдайда профилактикалық бақылау немесе алдын ала тексеру ретінде жүргізілді. ЖСН деректеріне қолжетімділік тек әкімшілік хаттама толтырумен ғана шектелмеді. Соның салдарынан азаматтың жеке деректері құқық бұзушылық фактісі болмаса да қаралуы мүмкін еді. Бұл жағдай дербес деректерді қорғау талаптарының сақталуына қатысты сұрақтар туғызды. Мамандар мұндай тәжірибе ақпараттық жүйелерді негізсіз пайдалануға жол ашуы мүмкін екенін бірнеше рет атап өткен. Осыған байланысты ЖСН деректерін тексеру тәртібін нақтылау қажеттігі туындады.

Оқу үшін