Жүргізуші куәлігін мерзімінен бұрын ауыстыру туралы ақпарат — жалған

Фото: nofake.kz/
Әлеуметтік желілерде жүргізуші куәлігін мерзімінен бұрын ауыстыру қажет деген жалған ақпарат тарады. Полиция құжаттарды беру тәртібі өзгермегенін мәлімдеді, деп хабарлайды nofake.kz/.

Абай облысы Полиция департаментінің Telegram-арнасында хабарланғандай, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде қолданыс мерзімі алдағы төрт жылда аяқталатын жүргізуші куәліктерін алдын ала ауыстыру қажет деген шындыққа жанаспайтын ақпарат тарауда. Бұл мәліметтер шындыққа сәйкес келмейді.
«Жүргізуші куәліктерін беру және ауыстыру тәртібіне қатысты ешқандай өзгеріс енгізілген жоқ. Аталған куәлік тек олардың жарамдылық мерзімі аяқталған жағдайда және қолданыстағы белгіленген тәртіпке сәйкес ауыстырылады. Қосымша талаптар, соның ішінде қайта емтихан тапсыру немесе қандай да бір шектеулер қарастырылмаған», — деп мәлімдеді Абай облысының полиция департаменті.
Полиция азаматтарды жалған ақпаратқа сенбеуге және мәліметтерді тек ресми дереккөздерден алуға шақырады. Сонымен қатар көрінеу жалған ақпарат тарату Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.
Еске саламыз, бұған дейін полиция жол бойында жүргізушілерді «сәбиі бар автокреслолар» арқылы тұзаққа түсіретіндер пайда болды деген ақпаратты жоққа шығарған болатын.


