NoFake

ЖИ жасаған контентті қай кезде таңбаламауға болады — депутат түсіндірді

ии

Фото: Depositphotos

Елімізде ЖИ-контентті таңбалау міндетті. Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева таңбалау қажет емес жағдайларды атап өтті, деп хабарлайды nofake.kz/.

18 қаңтардан бастап елімізде «Жасанды интеллект туралы» жаңа заң күшіне енді. Оған сәйкес, ЖИ көмегімен жасалған тауарлар, жұмыстар немесе қызметтер таңбалануы тиіс. Синтетикалық контент машинамен оқылатын нысанда міндетті түрде белгіленіп, пайдаланушыларға түсінікті ескертумен бірге ұсынылуы керек.

Синтетикалық өнімге не жатады

 «Жасанды интеллект жүйелері қызметінің синтетикалық нәтижесі — бұл шын мәнінде болмаған нәрсені имитациялау. Егер сіз нақты оқиға орнынан түсірілген фотоны немесе видеоны жай ғана өңдесеңіз, мәтінді түзетсеңіз және оның шынайы негізі болса, бұл синтетикалық нәтиже емес. Бұл бұрын Photoshop сияқты жүйелерде қолданылған құралдық өңдеудің нәтижесі. Ал егер бұл ойдан шығарылған бейнеролик немесе контент болса, онда оны таңбалау міндетті. Қалған жағдайларда ЖИ-ді құрал ретінде пайдалануға ешқандай шектеу жоқ», — деді депутат.

Жауапкершілік және дипфейктер

Контентті таңбалау міндеті ЖИ жүйесінің иесіне немесе меншік иесіне жүктеледі. Сонымен қатар, дипфейктерді заңсыз пайдаланғаны үшін жауапкершілік қарастырылған. Осыған байланысты Қылмыстық кодекске ауырлататын мән-жайлар бойынша толықтырулар енгізілмек.

Білім беру, журналистика саласында бастысы – адамның келісімін алу және жеке деректерді қорғау заңын сақтау. Алаяқтық, біреудің беделіне нұқсан келтіру немесе қаржылық шығын келтірген жағдайларда дипфейкті қолдану ауырлататын жай ретінде қарастырылады.

Ал таңбалау талаптарын бұзғаны үшін айыппұл салынады. Екатерина Смышляева жуырда дипфейктерді пайдаланғаны үшін жазаны қатаңдату туралы шешім жарияланатынын да атап өтті.

Оқу үшін