«Жемістер үсіп кетпес үшін балауызбен қаптайды»: Миф пе, әлде рас па

Фото: Depositphotos
Жеміс-жидек сатып алғанда мандариннің ерекше жылтырлығы немесе алманың жабысқақ беті көпшіліктің күмәнін тудырады. Тіпті кейбіреулер алмалар үсіп кетпесін деп сыртына «желім жағады» немесе химиялық заттар себіледі деген қауесетке де сенеді. nofake.kz/ бұл мәліметтердің қайсысы шын, қайсысы жалған екенін анықтап көрді.
Астаналық көкөніс дүкенінің сатушысы Наталья Анатольевнаның айтуынша, жемістер қосымша өңделмейді.
«Біз жемістерді ештеңемен өңдемейміз. Олар табиғатынан сондай. Алма мен мандаринде табиғи балауыз болады — бұл оларға тән қасиет. Жемістерді 30–40 °C шамасындағы жылы ағын сумен, жұмсақ щеткамен жууға болады. Судың астында сәл ұзағырақ ұстасаңыз жеткілікті», — дейді көкөніс сатушысы.
Шынында да, жемістердің бетінде табиғи балауыз қабаты бар. Ол ағашта өскен кезде пайда болып, ылғалдың булануынан және зақымданудан қорғайды. Алайда мамандардың айтуынша, өнеркәсіптік сақтау мен ұзақ қашықтыққа тасымалдау кезінде бұл табиғи қабат қосымша қорғаныш жабынымен күшейтілуі мүмкін.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті басқармасының басшысы Айгерім Садубаева да бұл мәліметті растады. Алайда жемістердің қабығын өңдеу белгілі нормаларға сәйкес болуы тиіс.
«Жемістердің бетін өңдеу үшін микрокристалды балауыз (E905сi), тотықтырылған полиэтилен балауызы (E914), сорбин қышқылы (E200) және калий сорбаты (E202) қолдануға рұқсат етілген, олар белгіленген нормалар сақталған жағдайда адам денсаулығы үшін қауіпсіз», -дейді маман.
Комитеттің мәліметіне сәйкес мемлекеттік бақылау аясында жемістер патогенді микроорганизмдерге, ауыр металдардың тұздарына, гельминт жұмыртқаларына және ішек патогенді қарапайымдыларының цисталарына зерттеледі.
«2025 жылдың 11 айында зерттелген үлгілердің 86%-ында таңбалау талаптарының бұзылуы анықталды. Сондықтан жемістерді сақтау шарттары мен жарамдылық мерзімі сақталатын, тауарға ілеспе құжаттары, фитосанитариялық сертификаттары және сәйкестік декларациясы бар ресми сауда орындарынан сатып алу қажет», -деп ескертті Айгерім Садубаева.
Ғылыми зерттеулер не дейді?
Зерттеулерге сәйкес, жиналғаннан кейін цитрус жемістері мен алмалар көбіне тағамдық балауызбен (карнауба балауызы немесе шеллак негізінде) қапталады. Бұл — жемістердің ұзақ уақыт бойы балғын күйін сақтауы үшін жасалатын әлемдік тәжірибе.
Scientific Reports (Nature) журналында жарияланған зерттеуде карнауба балауызы негізіндегі жабындардың мандариндер мен апельсиндердің ылғал жоғалтуын азайтып, бұзылуын баяулататыны және сақтау мерзімін ұзартатыны көрсетілген. PubMed дерекқорындағы басқа зерттеулерде балауыздың тек қабыққа әсер ететіні, оның жұмсағына өтпейтіні анықталған. Мұндай жабын жемістің «тыныс алуын» баяулатып, тез пісіп кетуінің алдын алады. Ғалымдар қолданылатын тағамдық балауыздардың адам ағзасында қорытылмайтынын және дұрыс жуылған жағдайда қауіп төндірмейтінін атап өтеді.
Мандарин мен алманы қалай жуу керек?

Сатушылар мен мамандардың кеңесі:
Жемістерді 30–40 °C шамасындағы жылы ағын сумен жуу;
Қабығын қолмен немесе жұмсақ щеткамен ысқылау;
Судың астында 20–30 секундтай ұстау;
Цитрус жемістерін аршымас бұрын жуу.
Осы әдіс арқылы табиғи да, қосымша жағылған да балауыз қабатын, сондай-ақ тасымалдау кезіндегі қалдықтарды кетіруге болады. Мандариндердің жылтыры мен алмалардың жабысқақтығы әрдайым «химия» бар дегенді білдірмейді. Ғылыми зерттеулер мұндай тәжірибенің қауіпсіз екенін растайды.


