NoFake

Желіде «депутаттардың» жаңа байланыс тарифі туралы жалған видеосы тарады

Коллаж: nofake.kz/

Threads және TikTok әлеуметтік желілерінде депуттаттар тарапынан мобильді байланыс пен интернет тарифтерінің қымбаттауына қарсы эмоциялық үндеу жасағандай болып көрінетін екі дипфейк ролик тарады, деп хабарлайды nofake.kz/.

TikTok-тағы жалған депутаттың  видеосы шамамен 44 мың қаралым мен 2,7 мың лүпіл жинаған. Пікір қалдырушылардың басым бөлігі оның сөзін қолдап, оның фейк екенін аңғармаған.

Бұл видеоларда дипфейкке тән белгілер айқын байқалады. Роликтегі кейіпкер қазіргі Парламенттің ешбір депутатына ұқсамайды. Залдың ішкі көрінісі Астанадағы ғимараттарға сәйкес келмейді. Артқы фон бұлыңғыр, артта отырғандардың жүзі анық емес. Мимика да табиғи көрінбейді: кейіпкердің беті «қатып» қалғандай, қозғалған кезде бет пішіні «жылжып», маска жапсырылғандай әсер береді. Жалған депутат байланыс және интернет қызметтерінің қымбаттауына наразы болып, инфрақұрылымда «тәртіп орнатуды» талап етеді және провайдерлерді жиі болатын ақаулар мен төмен сапалы байланыс үшін сынайды. Бұл – автордың жалғыз видеосы емес; оның парақшасында жалған «депутаттар» қатысқан бірнеше ЖИ-роликтері бар.

Threads желісіндегі видеода дипфейктің белгілері одан да айқын. Онда екі бұлыңғыр дақ көрінеді, ал роликтегі кейіпкерлер мен «отырысқа қатысушылар» шынайы адамдарға мүлде ұқсамайтын, жасанды түрде генерацияланған тұлғалар екені байқалады. Залдың интерьері де мемлекеттік мекемелердің ешбір залына сай келмейді. Кейіпкер белсенді түрде қолымен ишара жасап, бейәдеп сөздер қолданады және жаңа жылдан бастап интернет бағасы 20%-ға өседі деп мәлімдейді. Ролик шамамен 600 лүпіл мен 57 пікір жинаған. Ал кейбір пайдаланушылар бірден видеоны фейк деп танып, оның дипфейк екенін атап өткен.

Бұған дейін мемлекет басшысы жасанды интеллектке арналған заңдар пакетін қабылдаған болатын. «Жасанды интеллект туралы» заңға сәйкес, пайдаланушылар тауарлар, жұмыстар мен қызметтердің жасанды интеллект жүйелерінің көмегімен өндірілгені немесе көрсетілгені туралы хабардар болуы тиіс. Жасанды интеллект жүйелерінің синтетикалық нәтижелерін тарату тек оларды машинада оқылатын түрде арнайы белгілеп, визуалды немесе өзге де ескерту қоса берілген жағдайда ғана рұқсат етіледі. Заң 2026 жылдың 18 қаңтарында күшіне енеді.

Сонымен қатар, бірқатар мобильді байланыс операторлары расымен тарифтердің қайта қаралатынын хабарлады. Beeline компаниясы байланыс, интернет және қосымша қызметтер құнының өсуін 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ҚҚС мөлшерлемесінің өзгеруімен түсіндірді. Абоненттерге тарифтердің өзгеруі туралы, олар күшіне енбестен кемінде 30 күн бұрын хабарлау уәде етілді. Tele2-де 25 желтоқсаннан бастап абоненттік төлем мен тариф бойынша көрсетілетін қызметтер көлемі өзгереді. Компания мұны желілерді дамыту және жаңғырту шығындарының артуымен, оларды күтіп ұстау қажеттілігімен және салық заңнамасындағы өзгерістермен байланысты мәжбүрлі шара екенін атап өтті.

Оқу үшін