NoFake

Блогерлерден медициналық кеңес: дәрігерлер Флувирді орынсыз қолдану қауіпті екенін түсіндірді

Фото: Depositphotos.com

Ата-аналардың әлеуметтік желідегі кеңестерге сүйеніп, балаларын өз бетінше емдеуі қауіпті саналады. nofake.kz/ тілшісі үй жағдайында қолданылатын «рецептер» мен блогерлердің кеңестерінің шынайылығын анықтау үшін дәрігерлерден осы әдістердің қаншалықты қауіп төндіретінін сұрап көрді.

«Барлығына бірдей кеңес беруге болмайды» — ЖРВИ мен тұмауды емдеу туралы

Біз әлеуметтік желілерде балаларды емдеу тәсілдерімен бөліскен аналардың пікірлерін жинап, ондағы кеңестер мен үй жағдайында қолданылатын «рецептердің» қаншалықты тиімді әрі қауіпсіз екенін анықтау үшін еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің бас штаттан тыс балалар инфекционисі, Астана медицина университетінің балалар жұқпалы аурулар кафедрасының меңгерушісі Динагүл Баешеваның пікірін сұрадық.

«Флувир — вирусқа қарсы препарат, оның белсенді заты — осельтамивир. Бұл зат тек нейраминидаза ферментіне ғана әсер етеді, сондықтан басқа вирустарға қарсы тиімділігі жоқ. Осыған қарамастан препаратты орынсыз қолдану баланың бауырына зиян келтіруі мүмкін, ал егер ауру тұмау емес болса, оның ешқандай пайдасы болмайды», — дейді маман.

nofake.kz/ "Флувир» препараты жайлы ашық дерекөздерде ұсынылатын ақпаратты зерттеп көрді. Дәрілік препарат екі түрде шығарылады.

Белсенді заты Осельтамивир бар капсула түрінде (тұмауды емдеу және алдын алу үшін) — түрі: капсулалар 30 мг, 45 мг және 75 мг.

Пробиотикалық саше-ұнтақ түрінде (симбиотик: Lactobacillus және Bifidobacterium штамдарының үйлесімі + пребиотиктер) — түрі: саше 3,93 г. Капсула түрі (осельтамивир нұсқасы): Ересектер мен балаларда тұмауды емдеу — егер емдеу ауру белгілері пайда болған алғашқы екі күн ішінде басталса, Вирус жұқтырған адаммен байланыста болғаннан кейін тұмаудың алдын алуда ұсынылса;

Саше-ұнтақ түрі (пробиотик нұсқасы): Ішек микрофлорасын және тыныс алу жолдарының шырышты қабаттарының иммунитетін қолдау үшін қолданылады делінген. Тағам рационына биологиялық белсенді қосымша — балаларға (1 айдан немесе 12 жастан бастап) және ересектерге арналған тірі сүтқышқылды бактериялардың қосымша көзі деп жарияланған. Дәріханалардан тек дәрігердің тағайындауымен босатылуы қажет.

Сондай-ақ Баешеваның айтуынша, елде жедел респираторлық вирустық инфекциялар мен тұмаудың маусымдық өсуі байқалады. Сондықтан ата-аналар үшін осы екі аурудың айырмашылығын дұрыс ажырату ерекше маңызды.

«ЖРВИ көптеген түрлі вирустардан туындайды және әдетте біртіндеп басталады: мұрын бітелуі, жөтел, дене қызуының сәл көтерілуі сияқты белгілермен көрінеді. Ал тұмау — мүлде бөлек, ауыр өтетін ауру: температура кенеттен жоғарылайды, жалпы жағдай тез нашарлайды, ал кішкентай балаларда нейротоксикоз дамуы мүмкін», — деп түсіндірді дәрігер.

Маманның айтуынша, ата-аналардың ең жиі жіберетін қателігі  — дәрігерге кеш жүгіну.

«Бізге жуырда 17 жастағы жасөспірім түсті, оны анасы 4 күн бойы 40°С қызуымен  үйде ұстаған. Қазір ол энцефалитпен ауыр жағдайда жансақтау бөлімінде жатыр. Мұндай жағдайға жол бермеуге болатын еді», — деді инфекционист.

Дәрігердің сөзінше, дене қызуы — ағзаның қорғаныс реакциясы, сондықтан оған шошып қарауға болмайды. Көптеген ЖРВИ жеңіл түрде өтеді және ауруханаға жатқызуды қажет етпейді.

Дегенмен, мынадай белгілер пайда болған жағдайда дәрігерді дереу шақыру қажет: ентігу немесе тыныстың қиындауы, құрысу, құсу, есінің бұзылуы, ұзаққа созылған жоғары температура, баланың тәбетінің мүлде болмауы.

«Ата-аналарға науқас балаларын балабақшаға апаруға және себепсіз ауруханаларға ағылуға болмайды. Ол басқа вирустарды жұқтыру қаупін арттырады. Ең бастысы – баланы бақылап, дәрігерді үйге шақырып, қарапайым күтім ережелерін сақтау», — деп қорытындылады Динагүл Баешева.

ЖРВИ мен тұмау маусымы басталды

Дәрігердің айтқандарын ресми деректер де растайды. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елде ЖРВИ мен тұмау ауруларының маусымдық көбеюі  байқалып отыр. Бұл жағдайда өз бетінше емделудің қауіптілігі мен мамандардың кеңесіне жүгінудің маңыздылығы ерекше артады.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы  Сархат Бейсенова брифинг барысында елдегі эпидемиологиялық ахуал туралы айтты.

«Жыл сайын Қазақстанда 4 миллионға дейін жедел респираторлық вирустық инфекция және 2 мыңға дейін тұмау жағдайы тіркеледі. Бұл маусымдық әрі қалыпты құбылыс. 2025 жылдың қыркүйегінен бері 1 278 745 ЖРВИ жағдайы тіркелді, бұл өткен эпидемиологиялық маусымның осы кезеңімен салыстырғанда 19%-ға төмен. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында — 848 761 жағдай тіркелген», — деп мәлімдеді Сархат Бейсенова.

Әлеуметтік желілердегі кеңестер дәрігердің қабылдауын алмастырмайды. Тіпті жеңіл ауру кезінде де баланың жағдайын бақылап, қажет болса маманға жүгіну маңызды. Баланың денсаулығы – блогерлердің емес, дәрігерлердің құзырындағы мәселе.

Оқу үшін