NoFake

Жаңа жыл алдындағы жалған турлар: алаяқтарды қалай танимыз

құм аққала

Фото: Depositphotos

Жаңа жыл қарсаңында жылы жаққа демалуға сұраныс артады. Осы сәтті алаяқтар да пайдаланады. Жалған турдан қалай сақтану керек? nofake.kz/ зерттеді.

16 желтоқсанда инстаграм желісінде Александра есімді қолданушы өзінің күйеуі, екі баласымен Алматы әуежайынан Бангкок рейсі арқылы Тайландқа ұша алмай қалғаны жайлы айтып, шағымданды. Олардың билеті рейске тіркелмеген болып шығады.  Ал билет сатып алу қызметін көрсететін компания төлем түспегенін айтқан. Оның сөзінше мұндай жағдайға тап болған ол жалғыз емес. Бұл туризм саласындағы жиі кездесетін алаяқтық дейді  5 жылдан астам уақыт осы салада жүрген туристік оператор Адина Әділова. Маманның айтуынша осылай алаяқтарға алданып қалмау үшін жолдама сатып алардан бұрын турагентті арнайы сайттан тексеру керек.

«Туристер турагенттердің ресми түрде жұмыс істейтінін, туристік кодын, яғни жолдамасы жайлы барлық ақпаратты fondqamqor.kz сайты арқылы тексере алады. Бұл сайтта Қазақстан бойынша барлық ресми турагенттер көрсетілген: әр қалада қандай агенттік заңды түрде жұмыс істейтіні нақты жазылған. Тағы бір белгі: егер турагент «бізде лицензия бар» деп айтса, бұл күмән тудыруы тиіс. Себебі турагенттер лицензиямен емес, БИН (бизнес идентификациялық номер) арқылы жұмыс істейді. Сол БИН нөмірін олардың сайтынан немесе ресми дереккөздерден тексеруге болады», — дейді маман.

Сонымен қатар ол хабарласып тұрған номерді «GetContact» қосымшасы арқылы тексеруді ұсынды. Онда сол нөмерді басқа адамдар қалай сақтағанын көруге болады. Хабарласып тұрған компанияның әлеуметтік желідегі парақшасына қарап та, көп алаяқтық белгілерін анықтауға болады.

Дизайн без названия
Фото: Турагенттің анықтаған жалған турлар жарнамасынан скрин

 «Ресми турагенттердің парақшасында әдетте «бағасы … бастап» деп көрсетіледі. Ал алаяқтардың парақшасында нақты бір баға жазылып, «өте арзан», «горящий тур» көп жарнамаланады. Көбіне қонақүйдің атауы мен нақты баға бірге көрсетіледі. Бірақ есте сақтайтын маңызды жайт бар: туризмде баға бекітілмейді. Баға күнге байланысты өзгеріп отырады. Мысалы, бүгінгі күнге бір баға болса, ертең немесе арғы күні мүлде басқа баға болуы мүмкін. Бір күні тур 300 мың теңге тұрса, келесі күні 500 мың, ал басқа күні 700 мың немесе одан да қымбат болуы мүмкін», — дейді Адина Әділова.

Мысалы, инстаграмда «Грузия, Алматы немесе Астанадан ұшу, 2, 4, 6, 8, 10 шілде – барлығына бір баға, екі адамға» деп жазылса, бұл да алаяқтықтың белгісі. Себебі турагент алдын ала барлық күннің бағасын дәл біле алмайды.

Сонымен, тым арзан баға, барлық күнге бірдей көрсетілген құн, «лицензия бар» деген сөздер және нақты даталарға өзгермейтін баға – бұлардың бәрі алаяқ турагенттердің негізгі белгілері.

Оқу үшін