NoFake

Жалақыдан ұстайтын салық азайды: нақты есеппен түсіндіреміз

акча

Фото: Depositphotos

Биыл елімізде жеке табыс салығын (ЖТС) есептеу тәртібі өзгерді. Жаңа Салық кодексіне сәйкес оның көлемі төмендеді, деп хабарлайды nofake.kz/.

Негізгі жаңалық – азаматтардың жалақысынан 30 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), яғни 129 750 теңге шегеріледі де, қалған сомаға ғана жеке табыс салығы салынады.

ЖТС деген не?

Жеке табыс салығы – азаматтың жалақысынан ұсталатын салық. Бұған дейін ЖТС міндетті зейнетақы жарнасы мен медициналық сақтандыру жарналары шегерілгеннен кейінгі табыстан есептеліп келген.

Бұрын қалай есептелді?

Мысалы, ай сайын 300 000 теңге жалақы алатын азамат үшін бұрынғы жүйе былай жұмыс істейтін:

Міндетті зейнетақы жарнасы (10%) – 30 000 тг

Міндетті медициналық сақтандыру (2%) – 6 000 тг

Cтандартты шегерім 14 (АЕК) – 55 048 тг

Салық салынатын табыс:

300 000 – 30 000 – 6 000 — 55 048 = 208 952 тг

ЖТС (10%):

208 952 × 10% = 20 895 тг

Нәтижесінде қызметкер қолына:

300 000 – 30 000 – 6 000 – 20 895 = 243 105 теңге алады.

Жаңа жүйе қалай жұмыс істейді?

2026 жылдан бастап есепке 30 АЕК (129 750 тг) базалық шегерім алынады.

Жаңа жүйені де 300 мың теңге бойынша есептеп көрейік:

Міндетті зейнетақы жарнасы – 30 000 тг

Міндетті медициналық сақтандыру – 6 000 тг

Базалық шегерім (30 АЕК) – 129 750 тг

Салық салынатын табыс:

300 000 – 30 000 – 6 000 – 129 750 = 134 250 тг

ЖТС (10%):

134 250 × 10% = 13 425 тг

Қолға алатын жалақы:

300 000 – 30 000 – 6 000 – 13 425 = 250 575 теңге

Айырмашылық қандай?

Айына 300 мың теңге жалақы алатын азамат бұрынғыға қарағанда 7 470 теңгеге артық алады.

Кімдерге тиімді?

Жаңа жүйе ең алдымен табысы төмен және орташа азаматтарға, айына шамамен 145 мың теңгеге дейін жалақы алатындарға тиімді болады.

Бұл санаттағы азаматтар ЖТС мүлде төлемейді. Дәл осы жүйемен есептейтін болсақ,

145 000 – 14 500 – 2 900 – 129 750 = 0 теңге

Яғни, ЖТС – 0 тг

Қолға қанша алады?

145 000 – 14 500 – 2 900 = 127 600 теңге

Бұл реформа салық төлеу процесін барынша жеңілдетіп, азаматтарды артық қағазбастылықтан арылтуды көздейді. Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) бұл өзгерістің заңды күшіне енгенін растап, түсініктеме берді.

«2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап стандартты шегерім түріндегі салық шегерімдері, медициналық көмекке, білім алуға, ипотекалық несиені өтеуге және көп балалы отбасыларға арналған салық шегерімдері растайтын құжаттарсыз және мүліктік табыстарды есепке алмастан, ең төменгі жалақының 30 еселенген мөлшерінде (айына шамамен 130 000 теңге) бірыңғай базалық салық шегеріміне ауыстырылады», — делінген ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті Жұртшылықпен байланыс-хатшылық басқармасының редакциямызға жіберген хабарламасында.

Сондай-ақ, жаңа Салық кодексінде табысы жоғары азаматтар үшін қосымша ставка енгізілген. Енді жылдық табысы 36 миллион теңгеден асатын азаматтарға прогрессивті шкала енгізілді: межеден асып кеткен сомаға 15 пайыздық мөлшерлеме қолданылады.

Осылайша жеке табыс салығы (ЖТС) бұрын тек 10% біркелкі ставкамен есептелсе, қазір жылдық табысы 36 000 000 теңгеге дейінгі азаматтар – 10% ставка, > 36 000 000 теңге асып кеткен сомасына 15% ставка төлейді. Яғни, 36 млн теңгеден аспайтын бөлігіне – 10%, ал одан асқан бөлігіне – 15% салық салынады.

Мамандардың айтуынша, жаңа ЖТС есептеу тәртібі салық салуда әділеттілікті арттырып, азаматтардың нақты табысын көбейтуге бағытталған.

Оқу үшін