NoFake

«Зейнетақы жинағын шешемін»: Мойынқұмда алаяқ әйелді 4,8 млн теңгеге алдаған

Фото: Depositphotos

Жамбыл облысында өзін «көмекші» ретінде таныстырған алаяқ әйел тұрғынды зейнетақы жинақтарын шешіп беруге уәде етіп, ірі көлемде ақшаға алдап кеткен, деп хабарлайды NoFake.kz.

Бұл туралы Жамбыл облысының Мойынқұм аудандық соты хабарлады. Сот мәліметінше, 2025 жылдың тамыз-қараша айлары аралығында сотталушы жәбірленушінің сеніміне кіріп, оның зейнетақы жинақтарынан қаражат алуға көмектесетінін айтқан.

«Жәбірленушінің заңды ақпаратсыздығын және оның сенімін асыра пайдаланып, ол оны қызмет көрсеткені үшін өз шотына ақша аударуға көндірді», — делінген сот хабарламасында.

Нәтижесінде жәбірленуші 4,8 миллион теңгеден астам қаражатынан айырылып, келтірілген шығын сотталушының жеке мақсаттарына жұмсалған. Іс материалдары мен тараптардың айғақтары оның кінәсін толық дәлелдеген. Сот отырысында прокурор айыпталушыға 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұрады.

«Сот үкімімен Н. ҚК 190-бабы 3-бөлігінің 1) тармағы бойынша кінәлі деп танылып, оған пробациялық бақылау белгілене отырып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды», — деп хабарлады сот.

Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, істеген ісіне өкініш білдірген. Ал жәбірленуші тараптар татуласқанын айтқанымен, шығын толық өтелмегенін жеткізді. Үкім заңды күшіне енді.

Оқу үшін