NoFake

WhatsApp-тың «gold» премиум нұсқасы жайлы ақпарат жалған

WhatsApp компаниясы «WhatsApp Gold» деп аталатын премиум-нұсқасын шығарды деген ақпарат жалған, деп хабарлайды nofake.kz/ тілшісі.

Интернетте тараған ақпаратта бейнеқоңырау сапасы жоғары, жаңа эмодзилер мен түрлі түсті чаттар бар екені айтылған. Алайда «WhatsApp» компаниясы мұндай нұсқа ұсынбағанын ресми түрде хабарлады.


«WhatsApp ешқашан WA Gold немесе WA Plus деген нұсқаны ұсынған емес. Бұл – қайта шыққан алаяқтық. Біз адамдарға тек ресми қосымшаны қолдануға кеңес береміз. Ресми емес сілтеме қауіпті, олар жеке деректеріңізді ұрлауы мүмкін», — дейді компания.

Бұл не үшін жасалған?

«WhatsApp Gold» туралы хабарламаларда пайдаланушыларға арнайы сілтеме арқылы жаңа нұсқаны жүктеу ұсынылады.

Алайда мұндай сілтеме құрылғыңызға қауіпті бағдарлама (вирус, шпион, ransomware) орнатады, жеке деректеріңізді (банк деректері, логин/пароль, ЖСН) ұрлауға әрекет жасайды. «WhatsApp Gold» атын жамылған алаяқтық алғаш 2016 жылы тіркелген. Ұлыбританияның Алаяқтық пен киберқылмысты есепке алу орталығы, сондай-ақ Norton, Avira сынды киберқауіпсіздік ұйымдары бұл жайлы ресми түрде ескерту жасаған. Кейін ол «Martinelli» видеосы сияқты тағы бір фейкпен байланыстырылды. Онда WhatsApp-тағы бейне «телефонды бұзады» делінген. Бұл да негізсіз жалған ақпарат.
Ұқсас жалған хабарламалар:
• «Martinelli» видеосы
• «Папаның биі» (Dance of the Pope)
• «Хиллари биі» (Dance of the Hillary)

Барлығы — вирус немесе хакерлік шабуыл жасайды деген қорқытуға негізделген жалған мәліметтер.

Қалай қорғану керек?

Киберқауіпсіздік мамандары мұндай алаяқтық әрекеттерден қорғану үшін мынадай кеңес береді:

Тек ресми қосымшаларды пайдаланыңыз
WhatsApp-тың жалғыз ресми нұсқасы – App Store немесе Google Play арқылы таратылады.
«Premium» деген сөз бар кез келген нұсқа – жалған және қауіпті.

Күдікті сілтемені ашпаңыз
Хабарламада адамды асықтыратын мазмұдағы мәтін, сенсациялық сипаттағы уәде болса – соғұрлым қауіпті болуы мүмкін.

Бөгде нөмірден келген хабарламаларға жауап бермеңіз.
Ондай нөмірді бұғаттап, әкімшілікке хабарлауға болады.

Ақпаратты тексеріп отырыңыз
Norton сияқты киберқауіпсіздік ұйымдарының сайтында алаяқтық түрлері туралы арнайы нұсқаулықтар бар: жұмысқа қатысты жалған ұсыныстар, верификация кодын сұрайтындар, фейк конкурстар, т.б.

«WhatsApp Gold» — бұл WhatsApp-тың жалған нұсқасы. Ол сіздің құрылғыңызға қауіпті, алаяқтар осы арқылы жеке мәліметтеріңізді ұрлауы мүмкін.
Алданып қалмаңыз!

Оқу үшін