Министрлік Түркістандағы отшашудан жарақат алған балалардың жағдайын айтты

Фото: Depositphotos
Түркістан облысында пиротехникадан зардап шеккен балалардың жағдайы тұрақты. Мамандар ата-аналарды заң талаптарын сақтауға шақырады деп хабарлайды nofake.kz/.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәлімдемесінше Түркістан облысында пиротехниканы заңсыз қолдану салдарынан зардап шеккен балалардың жағдайы қазіргі уақытта тұрақты, олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Оқыс оқиға жеке тұрғын үйдің ауласында, тыйым салынған пиротехникалық бұйымды пайдалану кезінде орын алған.
Балалар жедел түрде ауруханаға жеткізіліп, қазір дәрігерлердің тұрақты бақылауында. Аталған жағдай кәмелетке толмағандардың бос уақытын қатаң қадағалаудың маңыздылығын тағы бір мәрте көрсетті.
«Балалардың құқықтарын қорғау комитеті балалар қауіпсіздігіне қатысты түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Мереке күндері қарсаңында қауіпсіздікті қамтамасыз ету және алдын алу шараларын күшейту жөнінде еліміздің барлық білім беру ұйымдарына ресми хаттар жолданды», — делінген ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ресми мәлімдемесінде.
Алайда, мамандардың айтуынша, ата-аналардың тікелей қатысуынсыз бұл жұмыстардың тиімділігі төмен болады.
Еске салайық, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 436-бабына сәйкес, елді мекендер аумағында пиротехниканы қолдануға тыйым салынған. Егер бұл құқық бұзушылықты 16 жасқа толмаған бала жасаса, әкімшілік жауапкершілік толықтай ата-анасына немесе заңды өкілдеріне жүктеледі. Заңға сәйкес, пиротехникалық бұйым тәркіленіп, 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл салынады.
Құзырлы органдар ата-аналарды барынша қырағы болуға шақырады. Балалардың қауіпті заттарға қол жеткізуіне жол бермей, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – әрбір ересектің басты міндеті. Айта кетейік, біз бұған дейін петарданы қолданудың қауіпі жайлы жазған болатынбыз.


