Төбелескен түркістандық шенеунікті қызметінен босатамыз — Облыс әкімі

Скрин видеодан
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров даулы видеосы БАҚ беттерінде тарап кеткен Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Сұлтанғали Жалықұлды қызметінен босататынын мәлімдеді, деп хабарлайды nofake.kz/.
«Менің қолымдағы ақпаратқа сәйкес, бүгін этика кеңесі бізге ресми құжат жіберуі тиіс. Құжатты алғаннан кейін қызметтен босату туралы кеңес шешімін орындаймыз», – деді облыс әкімі ОКҚ алаңында өткен брифингте.
Айта кетейік, бұған дейін Түркістан облысында бірнеше ер адамның қатысуымен болған төбелестің видеосы әлеуметтік желіде тарады. Кейін қатысушылардың бірі облыста лауазымды қызмет атқаратын шенеунік екені белгілі болды. Мемлекеттік органның беделіне нұқсан келтіргені үшін Әдеп кеңесі шенеунікті қызметтен босатуды ұсынған.


