TikTok-тағы тұзақ: Ақмолалық әйел алаяқтарға 4,6 млн теңге аударған

Фото: Depositphotos
Ақмолалық әйел TikTok-тағы «инвестицияға» сеніп, 4,6 млн теңгесінен айырылды. Шортанды тұрғыны алаяқтар үшін 5 несие рәсімдеген, деп хабарлайды nofake.kz/.
Схема қалай жұмыс істеді?
Ақмола облыстық полиция департаментінің мәліметінше, бәрі әдеттегідей TikTok желісіндегі жарнамадан басталған. Жылдам баюды уәде еткен алаяқтар әйел адамды акция сатып алып, дивиденд арқылы табыс табуға сендірген.
Оқиға хронологиясы:
Бірінші қадам: Әйел жалған платформаға тіркеліп, сол күні-ақ 1 333 000 теңге несие рәсімдеген.
Транзакция: «Қаржы кеңесшісінің» нұсқауымен ақша үшінші тұлғалардың есепшотына аударылған.
Жалғасы: Соқыр сенімге кірген жәбірленуші тағы төрт несие мен бөліп төлеу (рассрочка) алып, барлық қаражатты алаяқтарға жіберген.
Отбасылық қақпан
Қаскөйлер мұнымен тоқтамай, әйелді өз ұлын да схемаға тартуға көндірген. «Пайданы шығарып алу үшін верификация қажет» деген сылтаумен, ол ұлынан тиісті процедуралардан өтуді сұраған. Анасына сенген ер адам мән-жайды тексерместен айтқанын істеген. Нәтижесінде оның атына да ірі көлемдегі несие рәсімделгені белгілі болды.
Осылайша отбасыға алаяқтардың келтірген шығыны 4,6 миллион теңгеден асқан. Ескерте кететін жайт, нағыз инвестициялық компаниялар ешқашан несие алуды, ақшаны жеке тұлғалардың картасына аударуды немесе туыстар арқылы «верификациядан» өтуді талап етпейді.


