TikTok-та арзан тауарлар ұсынған жалған Intertop дүкені анықталды

Фото: Yandex
TikTok әлеуметтік желісінде Intertop сауда маркасының атын жамылған жалған дүкеннің видеосы тарады, деп хабарлайды nofake.kz/.
Бейнеролик жарнамалық жарияланым стилінде жасалғанымен, ондағы сілтемелер ресми дүкенге емес, бөгде сайттар мен тапсырыс формаларына бағыттайды.
Аталған аккаунтта пайдаланушыларға танымал брендтердің «жеңілдетілген бағамен сатылатын» тауарлары ұсынылады. Мысалы, видеода белгілі брендтің күртесін бар болғаны 1450 теңгеге сатып алуға болатыны айтылған. Сондай-ақ «бір апта ішінде 3000-нан астам тапсырыс жөнелтілді» деген мәлімдеме жасалады. Алайда мұндай деректер түпнұсқа брендтік өнімдер үшін шындыққа жанаспайды және жалған дүкендерге тән айла болып саналады.
Тексеру барысында бұл парақшаның нақты ритейлерге қатысы жоқ екені белгілі болды. Жалғандықтың бір белгісі — атаудағы қате: бренд атауы Inter.top деп көрсетілген, ал дұрыс нұсқасы — Intertop. Мұндай өзгерістер көбіне модерациядан айналып өту және пайдаланушыларды жаңылыстыру үшін қолданылады.
Видео жарнамалық форматта жасалғанымен, берілген сілтемелер ресми дүкенге қатысы жоқ сыртқы сайттар мен тапсырыс формаларына апарады. Аккаунт сипаттамасында компанияның расталған байланыс деректері де, парақшаның түпнұсқалығын дәлелдейтін белгілер де жоқ.
Әдетте мұндай алаяқтық аккаунттар танымал логотиптерді, шынайы емес арзан бағаларды және «мыңдаған сатылым» туралы мәлімдемелерді пайдаланып, сенімге кіруге және қолданушыларды сілтемеге өтуге немесе жеке деректерін қалдыруға итермелейді.
Айта кетейік, бұған дейін де танымал дүкендерді алаяқтардың өз пайдасына пайдаланғанын жазғанбыз.


