NoFake

 «Тегін кітап» — қауіпті тұзақ: Бас прокуратура жаңа алаяқтық түрі туралы ескертті

книги

Фото: Depositphotos

Бас прокуратура Telegram-да «тегін кітап» атын жамылған жаңа алаяқтық туралы ескертті. Ведомство киберқауіптен сақ болуға шақырады, деп хабарлайды nofake.kz/.

Алаяқтар бұл жолы оқырман қауымды «тегін электронды кітаптар» арқылы арбауды көздеген. Шет елдік ақпарат көздеріне сүйенсек, зиянкестер Telegram-боттар арқылы пайдаланушылардың құрылғысына вирус тарата бастаған.

Алаяқтық схемасы қалай жұмыс істейді?

Қылмыскерлердің айласы өте қарапайым әрі сенімді көрінеді.

«Схема өте қарапайым: Сіз Telegram-да кітаптардың үлкен кітапханасына шектеусіз қол жеткізу туралы хабарлама аласыз. Қажетті басылымға сұраныс бергеннен кейін, бот нақты сервиске еліктей отырып, кітап сюжетінің қысқаша сипаттамасын жасайды, бірақ кітапты оқу немесе жүктеп алудың орнына, сізге «арнайы қосымша» кейпіндегі вирустық файлды жібереді», — делінген Бас прокуратураның хабарламсында.

Бұл файлды жүктеу смартфонды толықтай қаскөйлердің бақылауына береді. Прокуратура мамандары бұл әрекеттің салдарынан банктік парольдер мен ақшаның ұрлануы, жеке жазбалар мен фотосуреттерге қол жеткізу, смартфонды қашықтан басқару және жеке деректерді жоғалту қаупі туындауы мүмкін екендігін ескертеді.

«Салдардың алдын алу үшін ресми емес дереккөздерден бөгде қосымшаларды орнатпау маңызды. Кибергигиена ережелерін сақтау және жеке қырағылық – мұндай қатерлерден қорғанудың негізгі шаралары болып қала береді», -делінген ведомство хабарламасында.

Құқық қорғау органдары азаматтарды күмәнді сілтемелер мен бейресми қосымшалардан аулақ болуға шақырады.

Оқу үшін