Ирандағы қақтығыс туризм бағытына қалай әсер етіп жатыр — Турагент пікірі

Фото: Коллаж NoFake.kz
БАӘ — қазақстандықтар үшін Түркиядан кейінгі ең сұранысқа ие туристік бағыттардың бірі. Алайда соңғы саяси жағдайлардан кейін бұл бағыттағы тур бағасы айтарлықтай төмендеді. Ал қауіпсіз бағыттарға, керісінше, сұраныс артып, тур құны өсуі мүмкін деген болжам бар. NoFake.kz қақтығыстың туризм саласына қалай әсер етіп жатқанын турагент Адина Адиловамен талдады.
Сала маманы туристердің қауіпсіз аймақтарға (Тайланд, Вьетнам, Бали) ауысуына байланысты — аталған бағыттардағы турлардың бағасы 10-20%-ға өсуі мүмкін дейді.
«Дубайдағы жағдай қазір қалыпты. Алайда 6 наурызға дейін рейстер уақытша бұғатталған. 7- 8 наурыздан бастап ұшуларды қайта жоспарлау мүмкіндігі қарастырылып жатқанымен, алдағы екі аптада Дубай бағытына рейстердің шектелуі мүмкін деген болжам бар. Осыған байланысты Тайланд, Египет, Вьетнам, Бали аралы сияқты Азия және Еуропа елдеріне сұраныс артуы ықтимал. Қазір бұл бағыттарға рейстер орындалып жатыр, әуе қатынасы тоқтаған жоқ. Туристердің қауіпсіз елдерді көбірек таңдауы салдарынан аталған бағыттарға тур бағасы 10–20 пайызға дейін өсуі мүмкін. Ал Египетке ұшу уақыты соғыс аймағын айналып өтуге байланысты 1–2 сағатқа ұзарғанымен, бұл билет құнына әсер етпейді», — дейді маман.
Қауіпсіз саяхатқа әсер ететін факторлар
Турагент төтенше жағдайда саяхатшылардың қобалжуын сейілтетін негізгі факторларды атап, өз кеңесімен бөлісті.
1. Қаржылық қорғаныс (Туристік код және сақтандыру): Әрбір туристің арнайы туркоды мен сақтандыру полисі бар. Бұл құжаттар кез келген төтенше жағдайда медициналық және логистикалық көмектің көрсетілуіне кепілдік береді.
2. Тегін сервистің сақталуы: Егер әуе кеңістігі жабылып, турист елге қайта алмай қалса, оған қонақ үй мен тамақтану тегін беріледі.
«Қонақ үйлер мен біздің серіктестер арасында арнайы келісімшарт болғандықтан, ұшу уақытына дейін 3-4 күнге жатын орын тегін беріледі. Сонымен қатар, адамдар таңғы және кешкі аспен қамтамасыз етіледі», — деді туроператор.
3. 100% ақшаны қайтару мүмкіндігі. Егер сапар басталмай жатып, саяси жағдайға байланысты рейс тоқтатылса, турист өз қаражатын толық қайтарып ала алады.
«Егер туристеріміз алдын-ала төлем жасап, осындай саяси жағдайға байланысты ұшпай қалса, серіктестеріміз төлемдерді бір-екі айдың ішінде 100% қайтарып береді», — деп пікір бөлісті Адина Адилова.
Форс-мажор кезіндегі алгоритм
Дубай, Қатар немесе Сауд Арабиясы сияқты елдерде қалып қойған туристер үшін нақты іс-қимыл жоспары бар: Туристер елшілікке жолданатын арнайы сауалнаманы толтырады (тұрып жатқан қонақ үйі мен ұшу датасын көрсетеді. Әуе жолдары ашылған бойда, авиакомпаниялар мен туроператорлар туристерге елге қайту билетін тегін ұсынады.
Айта кетейік, бұған дейін СІМ Таяу Шығыс елдерінен 946 қазақстандық қайтарылғанын хабарлаған болатын.


