Шыңғыс хан қазақ па — түркі тарихы туралы 6 танымал миф пен шындық

Фото: Depositphotos
Шыңғыс хан қазақ па? Көшпенділерде әйел теңсіздігі болған ба? Тарихшы Нұртас Смағұлов түркі әлеміне қатысты танымал 6 мифті жоққа шығарды, деп хабарлайды NoFake.kz.
Түркі халықтарына қатысты мифтер баршылық. Солардың ішіндегі кең тарағандарының рас-өтірігін NoFake.kz академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті Қазақстан тарихы және Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының аға оқытушысы, тарих магистрі Нұртас Смағұловтан сұрады.
«Шыңғыс ханның ұлты қазақ» болған деген миф
Тарихшының айтуынша Шыңғыс ханды бір ғана қазіргі ұлттың шеңберіне телу – ғылыми қателік. Ол заманда түркі-моңғол халықтарының ара-жігі әлі ажырамаған, тілі мен тұрмысы ұқсас болған. Шыңғыс хан Бөржігін қият руынан шыққан, «киіз туырлықты» көшпелі жұрттың ортақ тұлғасы.
«Шыңғыс ханды тек қана қазақ деп айтуға болмайды. Ол кезде әлі түркі-моңғол халықтарының ара-жіктері ажырамаған. Шыңғыс ханның Жошыдан тараған ұрпақтары ғана қазақ болып кетті», — дейді тарихшы.
«Бұрынғы қазақтар таза еуропоид болған» деген миф
Нәсілдік классификациядағы «еуропоид» және «моңғолоид» терминдері – еуропоцентристік көзқарастың жемісі. Тарихшы біздің ата-бабаларымызды «Тұраноид» (Тұрандықтар) деп атау дұрыс деп есептейді.
«Біз негізі Тұрандықтармыз. Тұраноид деген нәсіл болу керек еді. Ол бүкіл түркі-моңғолдарға тән нәсіл. Болашақта тарих концепциясы дамыған сайын тұраноидтық нәсіл жөнінде айтылады деп болжам жасаймыз», — деді Нұртас Смағұлов.
«Көшпенділерде әйел теңсіздігі болған» миф
Әйелдерді малға сату немесе құқығын шектеу туралы пікір – отаршылдық кезең мен кеңестік идеологияның өнімі. Сақ, ғұн және Алтын Орда заманында әйелдер мемлекеттік істерге араласқан, тіпті ерлермен бірге соғысқа қатысқан.
«Қазақтар қыз баласын құрметтемеген, малға сатқан деген ұғым – Кеңес үкіметі кезінде шыққан қате пікір. Көшпелі дәуірде қыз баланың рөлі ерекше болған, олар ер азаматтармен бірге майданға шығып, мемлекеттік істерге араласқан», — дейді тарих маманы.
«Түркі тілі кедей болған» деген миф
Ғалымның айтуынша түркі тілі – империялар мен қағанаттар деңгейіндегі мемлекеттік басқару тілі. Орхон-Енисей жазбалары мен Махмұд Қашғари еңбектері бұл тілдің кемінде 3 мың жылдық тарихы бар екенін айғақтайды.
«Түркі тілін кедей деп айтуға ғылыми негіз жоқ. Бұл тілдің тарихи тамыры тереңде, яғни мемлекет, империя, қағандық құрып отырған халықтың дамыған тілі екенін көреміз», — деп жауап берді ол.
«Қазақ хандығы – кездейсоқ құрылған мемлекет» деген миф
Тарихшы 1465 жылы Қазақ хандығының құрылуы– 3 мың жылдық мемлекеттілік тарихының (Сақ, ғұн, Түрік қағанаты, Алтын Орда) заңды сабақтастығы екенін айтты.
«Қазақ мемлекеттілігінің тарихы сақтар заманынан бастау алады. Біз мемлекет ретіндегі өзіміздің түп қазығымызды, фундаментімізді көне қағанаттар мен Жошы ұлысынан алдық», — дейді Нұртас Бірлікұлы.
«Көшпенділерде қала болмаған» деген миф
Қазақ даласы – қала мәдениеті мен дала өркениетінің тоғысқан жері. Ботай, Кент, Арқайым секілді көне қоныстар мен Оңтүстіктегі жүздеген қалалар бұған дәлел.
«Дамыған қала мәдениеті сонау Ботай кезінен басталады. Орта ғасырларда Ұлы Жібек жолы бойында жүздеген қала болған. Көшпенділерде қала болмаған деген – жаңсақ пікір. Орта ғасырлар дәуірінде континентаралық Ұлы Жібек жолы дамып тұрған кезінде Шығыс халықтарында мынадай тәмсіл болған: Сонау Үргеніште үйдің төбесіне мініп кеткен лақ Алмалыққа жеткенше дейін үйдін төбесінен түспейді дейді. Яғни бұл жерде жүздеген қала болғанын көрсетеді. Ұлы Жібек жолы біздің эрамызға дейін 2 ғасырдан біздің заманымыздың 14-15 ғасырына дейін дамыды. Ол әлемдегі негізгі құрлықтық сауда жолы болды. Себебі ол кезде Оңтүстік Америка, Солтүстік Америка, Австралия құрлықтары әлі ашылмаған, теңіз сауда жолы дамымаған кез еді. Теңіз сауда жолы он алтыншы ғасырдан бастап қарқынды дами бастады», — деп қорытты тарихшы.
Осылайша, біз тарихымыздың айналасында қалыптасқан негізгі мифтерді талдап, олардың ғылыми негізсіз екенін көрсеттік. Шынайы тарих – идеологиялық жаңсақ пікірлерден биік тұруы тиіс.

