NoFake

Швейцария банктері алаяқтықтан қалай қорғайды: женевалық заңгермен эксклюзив сұхбат

Флаг 01.jpg

Коллаж: nofake.kz/

Жасанды интеллекттің дамуына байланысты дипфейк, банктік деректерді ұрлау және қаржылық алаяқтықтың жаңа түрлері пайда болды. Бұл құбылыс тек Қазақстанда емес, әлемнің көптеген елдерінде тіркеліп отыр. Осыған орай nofake.kz/ швейцариялық сот тәжірибесіне сүйене отырып, банктердің мұндай жағдайларда қандай жауапкершілік көтеретінін және клиенттердің құқығы қалай қорғалатынын Женевада жұмыс істейтін заңгермен эксклюзив сұхбатта талдады.

Оливье мырза, швейцариялық банктер өз клиенттерін алаяқтықтан қалай қорғайды? Олардың қандай заңды міндеттемелері бар?

Міндеттемелердің екі түрін ажыратып алу керек: келісімшарт талаптарынан туындайтын азаматтық-құқықтық және реттеушілік (регуляторлық) міндеттемелер. Келісімшарт бойынша банктер қаражаттың сақталуын қамтамасыз етуге міндетті, бірақ жалпы шарттарда өз жауапкершілігін шектеуге тырысады. Көптеген келісімшарттарда қаражатты аудару кезіндегі «тәуекелдерді беру» туралы ескертпе болады. Бұл алаяқтық қаупі ресми түрде клиентке жүктелетінін білдіреді. Алайда, швейцариялық соттар мұндай жағдайларды үш кезеңге бөліп зерттейді:

1. Келісімшартты тексеру: Ескертпенің бар-жоғы анықталады.

2. Банктің сақтығын бағалау: Егер нұсқаулық алаяқтан түссе, банк күмәнді өкімді алған кезде тиісті сақтық танытты ма, жоқ па, соны сот бағалайды. Операцияның әдеттен тыс сипаты талданады. Егер банк өрескел салғырттық танытса (дауыс айырмашылығы, жазу стилінің өзгеруі, мекенжайдағы қателер), жауапкершілік банкке жүктеледі.

3. Клиенттің абайсыздығын тексеру: Клиент үшінші тұлғаларға пароль немесе құпия ақпаратты берді ме, жоқ па, соны тексереді.

Реттеушілік тұрғыдан банктер ішкі қауіптерді басқару жүйелеріне және заманауи IT-инфрақұрылымға ие болуға міндетті.

Швейцарияда FINMA мемлекеттік реттеушісі банктерге қандай талаптар қояды?

Нақты міндеттер банктің қызмет сипатына байланысты. FINMA талаптарына сай, банк алаяқтықтың алдын алудың ішкі жүйесіне ие болуы керек. Бұл жүйе жасанды интеллект технологияларын пайдалануды және көпдеңгейлі қорғанысты қамтиды:

Бірінші шеб: Клиенттермен жұмыс істейтін менеджерлер. Олар клиенттің бейінін жақсы білуі тиіс. Күмәнді өтініш түссе, қызметкер шара қолдануға міндетті.

Екінші шеб: Комплаенс бөлімшесі. Олар IT-жүйелерден түскен сигналдарды тексереді.

Егер банк стандарттарды сақтамаса, реттеушілік санкцияларға ұшырайды.

Клиент алаяқтық құрбаны болса, банк қай жағдайда шығынды өтеуге міндетті?

Егер банк тарапынан өрескел салғырттыққа жол берілсе, яғни әдеттен тыс операция кезінде қажетті тексерулер жүргізілмесе, банк шығынды өтейді. Сондай-ақ, егер банктің ішкі жүйесі белгілі алаяқтық түрін анықтай алмаса, банк жауап береді.

Банктік құпия алаяқтықты тергеуге қалай әсер етеді?

Айтарлықтай кедергі жоқ. Швейцария халықаралық ақпарат алмасу талаптарына толық сәйкес келеді. Банктік құпия клиенттің өзіне қатысты қолданылмайды. Зардап шеккен клиент құқық қорғау органдарына жүгіне алады, ал банк прокуратурамен ынтымақтасуға міндетті. Алайда, іс жүзінде қиындықтар бар: кейбір банктер полициямен жұмыс істеуге құлықсыз, тек прокуратураны таниды. Осыған байланысты аударымдарды жедел бұғаттау үшін полиция мен банктер арасындағы өзара іс-қимылды жақсарту тетіктері әзірленуде.

Сот практикасында жауапкершілікті бөлу қалай жүзеге асады?

Швейцарияның Федералды соты үш кезеңді әдістемені қолданады:

1. Өкімнің заңдылығы: Клиент телефон немесе пошта арқылы өкім беруге рұқсат берді ме? Рұқсат берілмеген арна қолданылса, банк зиянды өтейді.

2. Тиісті сақтық: Операция әдеттегідей емес болса, банк қосымша тексеру жүргізуге міндетті. Егер сигналдар ескерілмесе, жауапкершілік банкке жүктеледі.

3. Клиенттің мінез-құлқы: Клиент құпия ақпаратты беріп қойса, жауапкершілік тараптар арасында пропорционалды (мысалы, 1/3 бөлігі клиентке, 2/3 бөлігі банкке) бөлінуі мүмкін.

Жаңа технологиялар (дипфейк, ЖИ) жағдайында клиенттерді қорғау қалай дамып жатыр?

Швейцарияда жақсартуға болатын тұс – банктердің құрбандармен жұмыс істеу тәсілі. Аз сомалар (1 мыңнан 100 мың франкке дейін) бойынша банктер бітімгершілікке сирек барады. Себебі Швейцарияда сот төрелігі өте қымбат: заңгерлік қызмет ставкасы жоғары, ал жеңіп шыққан күннің өзінде сот шығындарды толық өтемейді. Бұл клиент үшін соттасуды тиімсіз етеді.

Салыстыру үшін: Ұлыбританияда банктерді 100 мың фунтқа дейін зиянды өтеуге міндеттейтін норма қабылданған. Бұл банктерді қауіпсіздікті күшейтуге мәжбүрлейді. Швейцарияда әлі мұндай механизм жоқ. Швейцариялық банктер алаяқтардың негізгі нысаны, өйткені мұнда бүкіл әлемнен дәулетті адамдар қаражат сақтайды. Көбіне 50-100 мың франкі бар шоттар шабуылға ұшырайды, себебі бұл сома үшін қымбат сот процесін бастау тиімсіз.

Сондай-ақ, ішкі алаяқтыққа назар аудару керек. Кейде банк қызметкері жалған үзінді көшірмелер беріп, төлем тапсырмаларын қолдан жасау арқылы қаражатты ұрлайды. Ақша шетелдік юрисдикцияларға немесе жалған инвестициялық схемаларға шығарылады. Сондықтан алаяқтық тек сыртқы емес, ішкі де болуы мүмкін екенін түсіну маңызды.

Сұхбатыңызға рақмет!

Оқу үшін