NoFake

Сандық тұзақ: Алгоритмдер бізді қалай басқарады

Фото: Depositphotos

Ерік-жігеріңіз әлсіз бе, әлде желі алгоритмі мықты ма? NoFake.kz сізді тәуелді ететін ғаламтордағы «қараңғы паттерндер» мен цифрлық тұзақтарға талдау ұсынады.

Сіздің әлеуметтік желіге «жай ғана уақытты көру үшін» кіріп, екі сағаттан кейін бір-ақ телефонды шетке қоятын кезіңіз бола ма? Бұл «ерік-жігеріңіздің әлсіздігі» емес. Бұл — сіздің сыни ойлауыңызды өшіру үшін қосымшаны арнайы жобалаған жүздеген инженерлер мен психологтар жұмысының нәтижесі.

Шексіз «скроллинг» (сырғыту): дофамин тұзағы

Бұл қалай жұмыс істейді: Казинодағы ойын автоматтарын есіңізге түсіріп көріңізші. Онда сіз сыйлықтың түсетін-түспейтінін білмей тұрып тұтқаны тартасыз. Жаңалықтар лентасы да дәл солай жұмыс істейді. Әрбір төмен қарай сырғыту (свайп) – бұл жаңа бәс тігу. Ми ол үшін «марапатты», яғни күлкілі мем немесе лайк күтеді және осы белгісіздік салдарынан сіз тоқтай алмайсыз. Бұл құбылысты Гарвард және Стэнфорд университетттерінің зерттеушілері «Ауыспалы марапаттау кестесі» (Variable Reward Schedule) деп атайды. Ғалымдардың айтуынша ол мынадай механизмге негізделген: мидағы дофамин марапатты алғанда емес, оны күткен кезде бөлінеді. Свайп жасаған сайын ми: «Келесі видео қызық бола ма?» деп дофамин бөледі де, сізді ілмекте ұстап тұрады. Мұндай «тұзақтан» қалай қорғануға болады?

Лайфхак: «Экран уақытына» шектеу қойыңыз. Бірақ бүкіл қосымшаға емес, дәл қысқа видеолар бөліміне (Reels/Shorts/TikTok). Дәл осы жерде сыни ойлау қабілеті бәрінен бұрын ұйқыға кетеді.

Тапшылық пен шұғылдық иллюзиясы

Бұл қалай жұмыс істейді? «Бар болғаны 2 билет қалды!», «Бұл жаңалық 5 минуттан соң өшіріледі!», «Қазір дәл осы тауарды 15 адам көріп отыр».

Таймерді немесе есептегішті көргенде, бізде реактивті ойлау іске қосылады. Логика өшеді, тек пайдадан қағыс қалу қорқынышы (FOMO) қалады. Бұл туралы американдық психолог Роберт Чалдини өзінің «Ықпал ету психологиясы: Көндір, әсер ет, қорған» атты кітабында жазған. Оның айтуынша адам үшін бір нәрсеге қол жеткізуден гөрі, сол мүмкіндікті немесе затты жоғалтып алу қаупі әлдеқайда күшті мотивация береді. Тіпті бұрын қызықтырмаған дүние (мысалы, ғибадатханаға саяхат) қолжетімсіз болып қалуы мүмкін деген сәтте адамға өте тартымды көріне бастайды.

Лайфхак: Таймерді немесе «Соңғы мүмкіндік» деген жазуды көрдіңіз бе? Бетті 10 минутқа жаба тұрыңыз. Егер 10 минут өткеннен кейін әлгі тауарды немесе қызметті сатып алу немесе жаңалықты біреуге жіберу құлқың жоғалмаса, демек, бұл сырттан таңылған ой емес, сіздің жеке шешіміңіз.

 Эхо-камералар: сіздікі әрқашан «дұрыс»

Бұл принцип қалай жұмыс істейді? Мысалы, алгоритм сіздің мысықтар мен скейтбордингті жақсы көретініңізді біледі делік. Ол сізге бұл тақырыптағы жағымсыз жазбаны ешқашан көрсетпейді. Өйткені олай істесе, сіз қосымшадан шығып кетесіз. Нәтижесінде адам бәрі онымен келісетін «көпіршіктің» ішінде өмір сүреді. Бұл өзгенің көзқарасын түсіну қабілетін жояды. Мұндай ақпараттық көпіршік  (немесе сүзгілер көпіршігі) ұғымын  американдық интернет-белсенді, журналист және жазушы Эли Паризер ашқан. Ол бұл түсінікті 2011 жылы жарық көрген «The Filter Bubble: What the Internet Is Hiding from You» (Сүзгілер көпіршігі: Интернет сізден нені жасырып отыр) атты кітабында сипаттаған.

Лайфхак: Аптасына бір рет өз наным-сенімдеріңізге қайшы келетін ақпаратты әдейі іздеңіз. Бір ақылды оппонентке жазылып қойыңыз. Бұл – сіздің миыңыз үшін «жаттығу залы» секілді болмақ.

Өз нанымын растау (Confirmation Bias)

Ғалымдардың айтуынша адамның миы жалқау келеді. Ол бұрыннан сенетін нәрселерге дәлел іздейді де, қалғанының бәрін елемейді. Егер сіз «блогерлердің бәрі өтірікші» деп есептесеңіз, расымен олардың тек жалған айтқанын ғана байқайтын боласыз.

Лайфхак: «Латеральды оқу» әдісі. Шулы жаңалық таптыңыз ба? Оны соңына дейін оқымаңыз. Жаңа парақшаны ашып, іздеу жүйесіне сол тақырыптағы түйін сөздерді жазыңыз. Егер бұл туралы тек бір ғана ресурс жазып жатса, оның манипуляция немесе жалған ақпарат болу ықтималдығы жоғары болғаны.

Оқу үшін