NoFake

Жиған ақшаны қалай сақтаған дұрыс

Фото: Depositphotos

Қаржы реттеушісі азаматтарға жинақты сақтаудың тиімді жолдарын түсіндіріп, танымал құралдардың артықшылығы мен тәуекелдерін түсіндірді, деп хабарлайды NoFake.kz.

Банктік депозит: қауіпсіздік пен кіріс теңгерімі

Агенттік хабарлауынша ел азаматтарының көбісі жинақтарын депозитте сақтауды жөн көреді. Өйткені бұл көпшілік үшін түсінікті және салыстырмалы түрде алғанда қауіпсіз құрал саналады.

Депозиттің негізгі артықшылықтары қандай?

«Қаражатты қайтару кепілдігі. Қазақстан банктеріндегі жеке тұлғалардың депозиттері салымдарды кепілдендіру жүйесі арқылы«Қазақстанның депозиттерді кепілдендіру қоры» АҚ сақтандырылған. Яғни бұл банк лицензиясынан айырылған жағдайда мемлекет белгіленген шектеулер аясында салынған қаражатты қайтаратынын білдіреді» -делінген реттеуші жазбасында.

Қазіргі ережеге сәйкес салымшылар өтемақыны төмендегідей мөлшерде алады:    

20 млн тг дейін – теңгедегі жинақ салымдары бойынша;

10 млн тг дейін – теңгедегі басқа депозиттер бойынша (мерзімді, ағымдағы шоттар мен карталар);

5 млн тг дейін –шетел валютасындағы салымдар мен шоттар бойынша (теңге баламасында).

Сондай-ақ, қаражатын депозитте сақтамақ болған адам үшін оның тағы мынадай ыңғайлы тұстары бар: сыйақы мөлшерлемесі алдын ала белгілі болады. Оны ашу мен басқару оңай. Соның ішінде онлайн режимде де қолжетімді және салымшының валютаны таңдау мүмкіндігі бар. Алайда мұндай ескере кететін маңызды нәрсе бар.

«Егер салымшының бір банкте бірнеше шоты болса, төлемдер жинақталады. Бірақ реттеушінің айтуынша, жалпы төлем лимиттерді есепке алғанда 20 млн теңгеден аспауы тиіс», — деп ескертеді агенттік.

Қаражатты депозитте сақтаудың тағы мынадай шектеуі бар. Мысалы, табыс деңгейі инфляцияны жауып үлгермеуі мүмкін, ал ақшаны мерзімінен бұрын алған жағдайда сыйақы мөлшері азаяды немесе мүлдем жоғалады.

Сейф пен банк ұяшығы

Кейбір азаматтар ақшаны «қолында» ұстауды жөн көреді. Реттеуші бұл әдістің қолма-қол ақшаға лезде қол жеткізу және банктік тәуекелдердің болмауы сияқты артықшылықтарын жоққа шығармайды. Алайда, қаржы мамандары бұл тәсілдің кемшіліктеріне де тоқталып өтті: Сейфтегі ақша «жұмыс істемейді», табыс әкелмейді; Инфляция салдарынан сатып алу қабілеті төмендейді; Ұрлық, өрт немесе басқа да төтенше жағдайлар қаупі бар.

«Бұл әдіс тек күтпеген шығындарға арналған қысқа мерзімді резерв ретінде ғана тиімді. Ұзақ мерзімді перспективада қолма-қол ақша сақтау экономикалық тұрғыдан тиімсіз», — дейді мамандар.

Инвестиция: Өсу әлеуеті мен тәуекелдер

Қазақстанда бағалы қағаздар нарығы жанданып, халықтың инвестицияға деген ықыласы артып келеді. Қазірдің өзінде ел бойынша 5 миллионнан астам шот ашылып үлгерді.

«Инвестициялаудың негізгі артықшылықтары – депозиттермен салыстырғанда әлеуетті жоғары табыстылық, инфляциядан озу мүмкіндігі, қауіптерді әртараптандыру және ұзақ мерзімді капиталды қалыптастыру», — дейді қаржы сарапшылары.

Реттеуші инвестицияның тәуекелдері бар екенін, атап айтқанда бағаның ойнауы мен білімсіздіктен ақша жоғалту қаупі барын айтады. Бұл құрал ақшасын 3 жылдан астам уақыт бойы қозғамай ұстай алатындар үшін тиімді болмақ.

Ең тиімді стратегия – әртараптандыру

Қорыта айтқанда, қаржы мамандары ақшаны бір жерде ғана ұстамай, бірнеше бөлікке бөлуді (диверсификациялауды) ұсынады.

«3–6 айға жететін ақша: бұл қаражат кез келген уақытта қолжетімді болуы керек, сондықтан оны депозитте немесе күнделікті қолданатын шотта сақтаған дұрыс. Қаражаттың бір бөлігі: сенімді құралдарға, мысалы, облигацияларға салынуы тиіс. Ұзақ уақытқа жиналған ақша: қауіптерді ескере отырып, табысы жоғары болатын құралдарға бағытталуы керек», — дейді олар.

Реттеушінің айтуынша, қаржылық тұрақтылық құрал таңдаудан емес, ең алдымен өз алдыңызға нақты мақсат қоюдан және қанша уақытқа жоспарлап отырғаныңызды түсінуден басталады.

Оқу үшін