Референдумда өз учаскеңізді қалай табуға болады

Фото: NoFake.kz
Бүгін Қазақстанда республикалық референдум өтіп жатыр. Орталық референдум комиссиясы (ОРК) азаматтардың өз учаскелерін жедел табуы үшін бірнеше цифрлық сервисті іске қосты, деп хабарлайды NoFake.kz.
Алайда тәуелсіз бақылаушылар eGov жүйесінде көрсетілген кейбір мекенжайлардың іс жүзіндегі орындармен сәйкес келмейтіні жайлы әлеуметтік желілерде хабарлаған.
Мысалы: Жүйеде учаске бір мекенжайда деп көрсетілгенмен, ол іс жүзінде көршілес ғимаратта (университетте немесе театрда) орналасқан жағдайлар тіркелген.
NoFake.kz мұндай жағдайда дереу 109 қызметіне хабарласып немесе жақын маңдағы өзге қоғамдық нысандарды тексеруді ұсынады.
Ал егер сіз әлі қайда барып дауыс беретініңізді білмесеңіз, келесі ресми дереккөздерді пайдалануға болады.
ЖСН арқылы онлайн-іздеу
Дауыс беру учаскесін бірнеше секунд ішінде мына порталдардан анықтауға болады:
referendum.gov.kz – референдумның ресми ақпараттық ресурсы.
Жергілікті әкімдіктердің сайттары (мысалы, елорда тұрғындары үшін referendum.astana.kz).
eGov Mobile қосымшасы
Ең оңай жолы – смартфондағы eGov Mobile қосымшасын ашу. Басты беттегі «Референдум» баннерін басу арқылы сіз өзіңіз тіркелген учаскенің нөмірі мен мекенжайын бірден көре аласыз.
Telegram-боттар мен Call-орталықтар
Telegram-да: Іздеу жолағына «Referendum» сөзін жазу арқылы өңірлік боттарды табуға болады. Мысалы: @referendum_astana_bot
Телефон арқылы: Кез келген сұрақ бойынша 109 бірыңғай байланыс орталығына хабарласуға болады.
Дауыс беру учаскелері таңғы 07:00-ден кешкі 20:00-ге дейін ашық. Дауыс беру үшін өзіңізбен жеке куәлігіңіздің түпнұсқасы немесе eGov Mobile-дағы электрондық нұсқасы болса жеткілікті.


