Жалпыхалықтық референдумның ресми қорытындысы жарияланды

Иллюстрация: NoFake.kz
ОСК 15 наурызда өткен жалпыхалықтық референдумның ресми қорытындысы жариялады. Жаңа конституцияны 87,15 % қазақстандық қолдады, деп хабарлайды NoFake.kz.
Биылғы саяси науқан халықтың жоғары белсенділігімен ерекшеленді. Статистикалық мәліметтер келесідей:
Референдумға қатысу құқығына ие азаматтардың саны 12 482 613 адам.
Келу көрсеткіші: Дауыс беруге 9 127 192 азамат қатысты. Бұл жалпы сайлаушылардың 73,12 %-ы. Референдумда жаңа Конституцияны қолдап дауыс бергендер саны 7 954 667 адамға жетті. Бұл — дауыс берушілердің 87,15 %-ына тең.
Халықаралық сарапшылардың бағасы
Саяси науқанның ашықтығы мен әділдігін шетелдік бақылаушылар да жоғары бағалады. Соның ішінде Филиппиннен келген бақылаушы сайлау учаскелеріндегі жұмыстың ұйымдастырылу деңгейіне оң пікір білдірді.
«Біз бақылау жүргізіп, дауыс санау процесінің ашық әрі дұрыс өткенін байқадық. Бақылаушылармен сөйлесуге мүмкіндік болды, олар дауыс беру процесінің бүкіл уақыты бойы сайлау учаскелерінде белсенді жұмыс істеп, өз әсерлерімен бөлісті. Қорытындылай келе, Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясының төрағасын және мүшелерін 15 наурызда өткен референдумды табысты өткізгендерімен құттықтаймыз», — деп атап өтті филипиндік бақылаушы.
Ал Беларусь елінен келген сарапшы Ольга Дорошенко өз бақылауында сайлаушылардың, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандар мен қарттардың белсенділігін ерекше атап өтті.
«Біз ОСК мен учаскелік комиссиялардың жоғары кәсібилігін, жұмыс істеуге қолайлы атмосфера қалыптастырғанын байқадық. Азаматтардың өз ұстанымын білдіруге отбасымен, балаларымен келгенін, тіпті мүмкіндігі шектеулі жандар мен сексеннен асқан қарттардың қатысқанын көрдік. Мәселен, бір учаскеде 87 жастағы қария бірінші болып дауыс беру үшін таңғы сағат алтыда келіп, бір сағат күткен. Сондай-ақ, алғаш рет дауыс беріп жатқан 18 жастағы жастарды ынталандыру жүйесі де жақсы жолға қойылған», — деп мәлімдеді халықаралық сарапшы.
Айта кетейік, бүгін түнгі он екіден кейін Экзитпол және «Социс-А» кешенді әлеуметтік зерттеулер институты мен AMANAT партиясының Қоғамдық саясат институты жүргізген тағы бір экзитпол нәтижесі бойынша, сайлаушылардың 88,6 %-ы жаңа Конституция жобасын қолдағанын мәлімдеген болатын.


