Қызылордада жалған аурухана парағын жасаған дәрігер мен шенеунік сотталды

Фото: freepik.com
Қызылордада әкімшілік қамауын жалған аурухана парағымен жасырған Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы мен құжатты жасап берген дәрігерге сот үкімі шықты, деп хабарлайды NoFake.kz.
Прокурорлық тексеріс барысында Сырдария аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы өзінің жұмыста болмаған себебін жасыруға тырысқаны анықталды.
«Сот үкімімен құжатты қолдан жасағаны үшін аудандық аурухана дәрігері ҚР Қылмыстық кодексінің 385-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Ал жалған құжатты пайдаланған бөлім басшысы осы баптың 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды», — делінген Қызылорда облысының прокуратурасы хабарламасында.
Қазіргі уақытта сот үкімі заңды күшіне енді. Бұл іс мемлекеттік қызметтегі еңбек тәртібін бұзу мен құжаттарды қолдан жасаудың соңы қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын кезекті рет дәлелдеді.


