Оразада түкірік жұтып, тіс жууға бола ма: ҚМДБ күмәнді сұрақтарға жауап берді

Фото: Коллаж NoFake.kz
Бүгін Рамазан айы басталды. NoFake.kz ҚМДБ мәліметіне сүйеніп, ораза ұстауға қатысты жиі қойылатын сұрақтарға жауап берді.
Бұған дейін әлеуметтік желіде кейбір қолданушылар арасында биыл барша мұсылман қауымы үшін қасиетті Рамазан айы 19-ақпан емес, 17-сі басталуы керек деген пікір тараған болатын. Алайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Рамазан айының басталу уақытын шариғи қағидалар мен астрономиялық есептерге сүйене отырып түсіндіріп берді.

«Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «(Жаңа) айды көріп ораза ұстаңдар, және (жаңа) айды көріп ауыз ашыңдар. Ал егер ол (бұлттылықтың себебімен) сендерге көрінбесе, онда одан алдынғы айды отыз күнмен аяқтаңдар» , – деген. Жаңа туған айдың көзбен көрінуі үшін төмендегі төрт негізгі шарттың барлығы қатар орындалуы тиіс: Ай мен күннің бір сызық бойына келуінен кейін олардың арасындағы бұрыштық қашықтық кемінде 8° болуы керек; Күн батқан сәтте Айдың көкжиектен биіктігі кемінде 5° болуы қажет; Егер жаңа туған айды көру жүзеге асса, Күн мен айдың бір сызықта болуы Жер шарының ең шығыс нүктесінде таң намазынан бұрын болуы тиіс; Жаңа қамари айдың басталуы үшін жаңа туған айдың Солтүстік немесе Оңтүстік Америка құрлықтарының негізгі аумағында көрінуі қажет. Сондай-ақ 19 ақпаннан бастап Рамазан айының басталатынын Мысыр, Түркия, Иордания, Малайзия, Жапония, Индонезия, Бруней, Тайланд, Сингапур, Сирия, Оман, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан және басқа да көптеген әлем елдері жариялады», — делінген діни басқарманың редакциямызға берген жауабында.
Оразаны бұзбайтын жағдайлар
Ораза ұстағанда көп жағдайда адамдар байқаусызда жасалған әрекеттер үшін алаңдайды. Алайда, ҚМДБ-ның ресми жауабында бұл мәселе нақты көрсетілген.
«Ораза тұтушы ұмытып тамақ жесе, не ішсе, не төсек қатынас жасаса оразасы бұзылмайды. Сондай-ақ, ұйықтап жатып жүніп болса, әйеліне қарап денесінен ұрық шықса, денесіне май жақса, қан алдырса немесе сүрме жақса, сүйіссе, бірақ ұрық шықпаса оразасы бұзылмайды», — делінген ҚМДБ ресми сайтында.
Сонымен қатар, еріксіз құсуға қатысты: «Еріксіз құсса бұзылмайды, өзі-өзі күштеп ауыз толтыра құсса бұзылады, қазасын өтеуі керек»,- деп бекітілген.
Қаза мен Кәффарат: Қашан міндетті
Егер ораза әдейі бұзылса, оның салдары да ауыр болады. Оны ҚМДБ мамандары былай түсіндірді.
«Рамазан айы күндіз, ораза кезінде әдейі төсек қатынасын жасаса, тамақ жесе немесе дәрі ішсе, оразасы бұзылады, қазасын тұтып, кәффаратын орындауы қажет. Кәффарат деген — бір құлды азат ету немесе екі ай бойы үздіксіз ораза тұту»,-делінген жазбада.
Ал екпе салу, құлаққа немесе мұрынға дәрі тамызу секілді жағдайларда тек қазасын (яғни бір күн) өтеу жеткілікті. Сонымен қатар басқарма мамандары көпшілікті мазалайтын тағы бір майда болғанымен, күнделікті тұрмыста маңызды мына сұрақтарға да жауап берді.
«Ауыз бекіткен кезде түкірік жұтуға болады. Қазіргі сағыздарды шайнауға болмайды. Ауыз бекіткеннен кейін тісті тіс пастасымен ысу ұнамсыз. Өйткені дәмі тамаққа жетсе, оразаны бұзады. Аз мөлшерде қолданып, дәмін тамаққа жеткізбей шайып тастаса, ораза бұзылмайды. Жалпы сәресіде тіс пастасын қолданған дұрыс болады», -деді ҚМДБ өкілі.
Айта кетейік, биыл Қадір түні наурыз айының 16-сынан 17-сіне қараған түні. Ораза айт – 20 наурызға тура келеді.


