NoFake

Мемқызметшілердің қай санаты бизнеспен айналыса алады — түсіндіреміз

гос служ

Фото: Depositphotos

Мемлекеттік қызметшілерге жаппай бизнеспен айналысуға рұқсат етілген жоқ. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметінің басшысы Данияр Рамазанов мәлімдеді, деп хабарлайды nofake.kz/.

Бірқатар БАҚ беттерінде мемлекеттік қызметшілерге енді бизнеспен айналысуға рұқсат етіледі деген ақпарат тараған болатын. Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін  Сенат Парламентінің баспасөз қызметінің жетекшісі Данияр Рамазанов өзінің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.

«Бұл хабарлама шындыққа сәйкес келмейді. Заңда мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген тұлғалар қарастырылған», – деді ол.

Мемлекеттік қызметкерлерге теңестірілген басшы азаматтарға расымен бизнеспен айналысуға рұқсат берілген. Биыл, 18 желтоқсан күні Парламент «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңның 13-бабына бірқатар өзгеріс енгізді. Өйткені еліміздегі коммуналдық мемлекеттік мекемелердің бірінің директоры А. Белгібаев «мемлекеттік қызметкерлерге жеке кәсіппен айналысуға тыйым салу — Конституцияға қайшы» деп, Конституциялық сотқа өтініш жазған. Белгібаевтың уәжін Конституциялық сот қолдап, 2023 жылы 13 маусымда нормативтік қаулы шығарды. Депутаттар дәл осы қаулыға сүйеніп, мемлекеттік қызметшілерге теңестірілгендерге бизнеспен айналысуға рұқсат беріп отыр.

Олар кімдер? Бұл санатқа мемлекеттік орган саналмайтын мемлекеттік мекемелердегі және мемлекеттік кәсіпорындардағы (мектеп, аурухана) басшылар, «Азаматтарға арналған үкімет» қызметкерлері, техникалық және авторлық қадағалау мамандары, бюджеттік немесе мүлікті басқарушы тұлғалар жатады. Олар кәсіпкерлікпен айналыса алады, бірақ бірқатар шектеу бар, яғни қызметтік мүлікті пайдалану, мүдделер қақтығысына жол бермеу және қаржылық бақылауда болу сияқты талаптарды сақтау қажет.

«Оның саласы өзінің атқарып жатқан саласымен қайшылыққа келіп қалмауы керек. Мысалы, егер ол әкімдіктің жанындағы БАҚ-қа қатысты басылымның басшысы болатын болса, әрине ол жеке секторда осы басылымға бәсеке болатын ұйымды басқаратын кәсіп жасауына тыйым салынған. Неге десеңіз, ол өзара мүдделер қақтығысына алып келеді», — дейді Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Салауат Мүксімов.

Дегенмен кейбір мемлекеттік қызметшілерге теңестірілген азаматтарға бизнеспен айналысуға әлі де тыйым салынады. Олар аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері, Ұлттық банктің, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің және азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйымның қызметшілері, ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың басшылары. Аты аталғандар кәсіпкерлікпен айналыса алмайды, олар табысы мен мүлкін декларациялауға міндетті. Ал заң талаптарын бұзған жағдайда, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңы бойынша жауапкершілікке тартылып, қызметтен босатылуы мүмкін. Бұл саладағы қатардағы қызметшілерге кәсіппен айналысуға тыйым салынбаған.

Оқу үшін