NoFake

Петарданың қауіптілігі: миф пен шындықты ажыратамыз

полициядан фото

Фото: Астана қ. Полиция департаментінің баспасөз қызметі

Мереке жақындаған сайын петарда туралы даулы пікірлер көбейеді. Бірі оларды «мүлде қауіпсіз» десе, енді бірі «қолдануға толық тыйым салынған» деп сенеді. nofake.kz/ ол пікірлердің қайсысы миф, қайсысы шын екенін талдап көрді.

1-миф: Петарда қауіпті емес

Кей адамдар бір-екі рет жарып көрсең, ештеңе болмайды деп ойлайды. Алайда петарда — пиротехникалық бұйым, ол дұрыс қолданылмаса, жарақат пен өрт қаупін тудырады. Дәрігерлер мен құтқарушылардың айтуынша, жарақаттардың едәуір бөлігі дәл осындай «қауіпсіз» деп есептелетін петардалардан болады.

2-миф: Қазақстанда петардаға толық тыйым салынған.

Бұл жиі кездесетін қате түсінік. Қазақстанда петарданың барлық түріне емес, сертификатталмаған және қуаты жоғары пиротехникалық бұйымдарға шектеу қойылған. Заң аясында сатылатын, тұрмыстық мақсаттағы пиротехниканы арнайы талаптарды сақтай отырып сатып алуға болады.

3- миф: Кішкентай петардалар зиянсыз

Көлемі шағын болғанымен, мұндай бұйымдар да қатты дыбыс шығарып, қолды, көзді немесе есту мүшесін зақымдауы мүмкін. Полиция деректері де бұл пікірді жоққа шығарады: жарақат алу фактілерінің бір бөлігі дәл осындай «ұсақ» пиротехниканы дұрыс қолданбаудан туындайды.

4-миф: Петарданы кез келген жерде қолдануға болады

Жабық кеңістікте петарда жару – өрт шығу қаупін бірнеше есе арттырады. Мұндай әрекет тұрғын үйге ғана емес, адамдардың өмірі мен мүлкіне де қауіп төндіреді.

5-миф: Балалар петарданы өздері қолдана алады

Петарда – ойыншық емес. Кәмелетке толмағандардың пиротехниканы бақылаусыз қолдануы ауыр жарақатқа әкелуі мүмкін. Сондықтан бұл бұйымдарды балалардың қолына беру — ең қауіпті қателіктердің бірі.

Полиция деректері нені көрсетеді?

Петардалардың қауіпсіздігі — тек теориялық мәселе емес. Астана қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, 5 желтоқсаннан 3 қаңтарға дейін елордада жыл сайынғы «Пиротехника» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Оның мақсаты – заңсыз және сертификатталмаған пиротехникалық бұйымдардың сатылуын шектеу.

WhatsApp Image 2025 12 25 at 16.08.02
Фото: Астана қаласы ПД баспасөз қызметінен

«Іс-шара барысында тиісті рұқсат құжаттарынсыз пиротехника сату бойынша 15 дерек анықталған. Барлық жағдай бойынша кінәлі тұлғалар ӘҚБтК-нің 196-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылған.Полиция пиротехника (петардалар, отшашулар, бенгал оттары, шартылдақтар) ойыншық емес, олар өрттің шығуына, адамдардың жарақат алуына, денсаулыққа елеулі зиян келуіне себеп болуы мүмкін екенін ескертеді», — деп мәлімдеді қалалық полиция департаменті баспасөз қызметі.

полиис
Фото: Астана қаласы ПД баспасөз қызметінен

Сондықтан құқық қорғау органдары пиротехникалық бұйымдарды тек мамандандырылған, лицензиясы бар дүкендерден сатып алуға; сатушыдан сәйкестік сертификатын талап етуге, қазақ және орыс тілдеріндегі нұсқаулығы бар, жарамдылық мерзімі өтпеген өнімді ғана қолдануға шақырады.

Петардалар туралы басты мифтердің бірі – қауіптің асыра айтылуы немесе, керісінше, мүлде жоққа шығарылуы. Шын мәнінде, мәселе тыйымда емес, жауапкершілікте. Полиция деректері көрсеткендей, қауіпсіздік талаптарын елемеу нақты салдарға әкеледі.

Оқу үшін