Өзбекстанда «келін енесінің етінен манты жасаған» деген ақпарат – жалған

Скриншот "Өткір тергеу" хабарынан алынды
Өзбекстанда «келін енесінің етінен манты жасаған» деген жаңалық — жалған, деп хабарлайды nofake.kz/.

Өткен апта шетелдік және отандық БАҚ-тар мен әлеуметтік желілерде «енесінің етінен манты жасаған келін» жайлы ақпарат тарады.

Қанды оқиға расымен орын алды деп ойлаған желі қолданушылары бұл туралы өз пікірлерімен бөлісіп, ене мен келін арасындағы араздық тақырыбын кеңінен талқылады.
Алайда Өзбекстан Республикасының Жоғарғы сотының Қоғаммен байланыс орталығы басшысының ресми каналына жарияланған жазбада Азиз Абидов бұл оқиғаны жоққа шығарды.

«ӨТКІР ТЕРГЕУ» бағдарламасындағы «Қайын енесінің етінен манты жасаған келін» эпизоды – көркем ойдан туған шығарма! Қоғамда кеңінен талқыланып жатқан бұл оқиға шын мәнінде авторлардың көркем қиялы болып табылады, ал бағдарламада көрсетілген жағдай шындыққа сәйкес келмейді. Нақтырақ айтсақ, елімізде мұндай қылмыстар жасалмаған және соттарда қаралмаған. Әлгі бағдарламада «нақты оқиғаларға негізделген» деген белгі болса да, тележобаның авторлары дәстүрден сәл алыстап, көркем ойды қолданған. Әлеуметтік желі қолданушыларына бұл бағдарламаға қатысты қате түсіндірмелерге жол бермеу ұсынылады, себебі оқиға шынайы өмірге негізделмеген», — деді ресми өкіл.
Айта кетейік, бұған дейін қырғыз фильміндегі әскери әлімжеттік көрінісі Қазақстанда шын оқиға деп қабылданған болатын.


