9 млрд теңгелік жағажай: Түркістан әкімі қаржының қайда кеткенін түсіндірді

Фото: aigak.kz
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Шаға» жағажайына бөлінген 9 млрд теңгенің қайда жұмсалғанын түсіндірді, деп хабарлайды nofake.kz/.
Әкімнің айтуынша, 2023 жылы бөлінген 9 млрд теңгенің 6 миллиарды гидротехникалық нысанның әкімшілік ғимаратына, оған баратын жол мен кәрізге жұмсалған.
«Жұрт оны жағажай деп айтып жүр. Бірақ біз жағажай салуға немесе оған ақша бөлуге тапсырма берген жоқпыз. Ол жер сол күйінде қалды. Туризмге қарасты Open Turkistan мекемесіне берілген, кейін олар оны жергілікті кәсіпкерге жалға берген. Кәсіпкер жағажайды өз қаражатына абаттандырамын деп келіскен. Сол бағытта жұмыс жүрді. Осы мәселеге қатысты сұрақтар туындаған соң, бастапқыда Антикор, қазір Экономикалық тергеп-тексеру департаменті қылмыстық іс қозғады. Қазіргі таңда іс бір жарым жылдан бері қаралып жатыр. Нәтижесін ҚМА өзі жариялайды деп ойлаймын», — деп жауап берді облыс әкімі.
Оқиға неден басталды
Түркістан облысындағы Шаға жағажайы 2022 жылы туризмді дамыту мақсатында салынған. Жобаға 9,3 млрд теңге бөлінген. Нысан су тасқынын реттейтін гидротехникалық кешен ретінде де жоспарланған. Алайда ашылғаннан кейін көп ұзамай жағажай қараусыз қалып, қаңырап тұрған объектіге айналды. Инфрақұрылым бүлініп, абаттандыру жұмыстары аяқталмаған. Жобаға қатысты сұрақтар көбейген соң, Экономикалық тергеп-тексеру департаменті Қылмыстық кодекстің 189-бабы бойынша іс қозғады. Тергеу бір жылдан бері жалғасып жатыр. Нақты жауапты тұлғалар әлі жарияланған жоқ.


