Қарызын төлей алмағандар қай кезде пәтерін босатады — түсіндіреміз

Жақында әлеуметтік желіде жаңа заңға сәйкес несие төлей алмаған борышкер 10 күн ішінде үйін босату керек деген ақпарат тарап, қоғамда үлкен алаңдатушылық тудырды. nofake.kz/ бұл ақпарат қаншалықты рас екенін анықтады.
Депутаттардың мұндай заң жобасын қарап жатқаны рас. Алайда бұл бұрыннан бар заңның керісінше борышкерлердің пайдасына орай өзгертілуі туралы ұсыныс және бұл несие төлемеген, қарызы бар немесе ипотекалық келісімді бұзған адамдарға ғана қатысты дей алмаймыз. Бұрын «ҚР Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» заңының 106-бабының 2-тармағына сәйкес сот шешімі бойынша борышкерді тұрғын үйден шығару уақыты нақтыланбаған еді.

Жаңа ұсыныс бойынша борышкерге тұрғын үйден шығаруға дайындалуы үшін жеткілікті мерзім беру мақсатында қосымша 10 күн уақыт беру мәселесі көтеріліп отыр. Мәжіліс депутаты Дмитрий Колоданың сөзінше, әлеуметтік желіде тараған ақпарат бұрмаланған.
«Жарияланған ақпарат сәл нақты емес. Қазірдің өзінде әрекет ететін борышкерді тұрғын үйден шығару туралы 106-бап бар. Бұл бапты ешбір ипотекаға, несиеге, қарызға байлап қарауға болмайды. Бұл жерде бәрі жиынтық түрде қаралады. Тұрғын үйден шығару Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңына сәйкес тек сот шешімімен жүзеге асырылады. Мысалы, егер борышкер қарызын төлей алмаса, сот оны шығару туралы шешім қабылдай алады. Бұл тек қарызға қатысты емес. Пәтерді жалға беру кезінде, немесе ажырасу кезінде, жалға алушы немесе екінші бір тарап үйден шыққысы келмесе, оны тек сот шешімімен шығаруға болады»,- деді депутат.
Сот шешімі шыққаннан кейін ол заңды күшіне енеді де, атқару парағы жазылады. Ол сот орындаушысына беріледі, ол үш күн ішінде өндіріс ашып, тараптарды хабардар етуі керек.
«Қазір қолданыстағы заңда борышкерді қашан хабардар етуі тиіс екені нақты көрсетілмеген. Іс жүзінде мынадай жағдай орын алуы мүмкін: бүгін сот орындаушысы қаулы шығарады, ертең борышкерді үйден шығарады – бұл әділетсіз. Ұсынылып отырған өзгеріс – сот орындаушысы борышкерді кем дегенде 10 күн бұрын хабардар етуі тиіс. Бұл борышкерге дайындалуға мүмкіндік беру үшін жасалып отыр. Мақсат – борышкердің жағдайын жақсарту. Қазіргі заңда мұндай мерзімдер көрсетілмеген», — деді депутат.
Сондай-ақ шу тудырған пост астындағы оқырмандардың «Борышкер қарызы үй сомасынан аз болған жағдайда да үйден шығарылу туралы шешім қабылданады ма?» деген сұрағына депутат былай деп жауап берді:
«Сот қарыздың мөлшерінің сәйкестігін қарайды. Мысалы, егер қарыз небәрі 10 теңге болса, ал пәтердің құны бір миллион теңге болса, әрине, мұндай жағдайда ешкім бұл мүлікке өндіріп алу шараларын қолданбайды», — деді Мәжіліс депутаты.


