NoFake

Несие пайызын төмендетемін деп жалған уәдемен ақша алған астаналық ұсталды

Фото: Freepik.com

Елорда тұрғыны ақмолалықтарға қолданыстағы несиелерінің пайызын төмендетіп беремін деп жалған уәде беріп, алдын ала ақша алған, деп хабарлайды NoFake.kz.

Алайда уәде орындалмай, жәбірленушілер полицияға жүгінуге мәжбүр болған.

«Целиноград аудандық полиция бөлімі алаяқтық фактілері бойынша екі қылмыстық істі тергеп жатыр. Күдікті ретінде 24 жастағы елорда тұрғыны анықталды», – деп хабарлады Ақмола облысы полиция департаменті

Анықталғандай, жәбірленушілер күдіктімен жеке таныс болғандықтан, оның сөзіне сеніп, қаржы тапсырған. Келтірілген жалпы шығын көлемі 2,6 миллион теңгеден асады. Тараптар арасындағы келісімдер 2025 жылдың желтоқсан айында жасалған. Бірақ үш ай өткен соң да күдікті уәдесін орындамаған. Қаражат қайтарылмаған соң жәбірленушілер полицияға жүгінген.

Аталған фактілер бойынша алаяқтық белгілерімен қылмыстық істер қозғалды. Қазіргі уақытта полицейлер оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, күдіктінің осыған ұқсас басқа да эпизодтарға қатысын тексеріп жатыр. Жәбірленушілер саны артуы мүмкін.

Оқу үшін