Фармкомпаниялар дженерик препаратты екі есе қымбат сатқан — депутат

Фото: Parlam.kz
Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Қазақстандағы фармацевтика нарығына қатысты қатқыл мәлімдеме жасап жүр. Ол бірқатар компанияны жылдар бойы қолдан тапшылық жасап, бағаны негізсіз өсірді деп айыптады. Бүгін Мәжілісте nofake.kz/ тілшісінің сұрағына жауап берген депутат монополия белгілері бар фактілерді енді ІІМ тексеретінін айтты.
Бұған дейін ол Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназаровамен бірлесіп, салаға кешенді талдау жүргізген. Нәтижесінде бірқатар заңбұзушылық анықталған.
«Дәрі зауыттан 3–4 есе қымбатқа шығады. Әлназарова есеп берді: 5 жыл бұрын ауруханалар мен дәріханаларды тексеруге тыйым салатын заң қабылданған. Біз “бұл қалай?” деп сұрадық. Енді заңға өзгеріс енгіздік, министр бізді қолдады. Қандай нәтиже берді? “СК-Фармация” басшысы қызметінен кетті», – деді депутат.
Әбеновтің айтуынша, нарықтағы жағдайды талдау барысында жалған препараттар табылған және дәрілердің негізсіз қымбат бағаға сатылғаны да анықталған.
«Ісікке қарсы дәрілердің бағасы екі айда үш есеге төмендеді. 70 млрд теңге үнемделді. Әрине, мұндай үнем кейбір фармкомпанияға ұнамайды. Мысалы, ракқа қарсы ампуланы Қарағандыдағы олигархтың зауытынан 1,5 млн теңгеге алып жүрген. Ал Норвегияның дәл сондай дәрісі дәріханаларда 750 мың тұр. Сонда біз жалған дәріні қымбатқа сатып алып келгенбіз», – деп сөзін түйіндеді депутат.


